ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ: ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНА МЕДИЦИНАДАҒЫ ЖАҒДАЙДЫ КЕШЕНДІ ТАЛДАУ ҮШІН ЖҰМЫС ТОБЫ ЖІБЕРІЛДІ

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ: ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫНА МЕДИЦИНАДАҒЫ ЖАҒДАЙДЫ КЕШЕНДІ ТАЛДАУ ҮШІН ЖҰМЫС ТОБЫ ЖІБЕРІЛДІ

Ұлытау облысында вице-министр Ардақ Амангелдиевтің басшылығымен Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы жұмыс тобы жұмысын бастады.
Жұмыс тобын құруды ведомство басшысы өңірге жұмыс сапары барысында бастамалады.
Жұмыс тобын құрудың мақсаты – өңірдегі медициналық ұйымдардың қызметіне кешенді талдау жүргізу, жүйелі проблемаларды анықтау және тұрғындар үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша шаралар ұсыну.
«Жезқазғанға елорда мен Қарағанды медицина университеттерінің өкілдері, сондай-ақ онкология, кардиохирургия, нейрохирургия, травматология, ана мен бала, медициналық-санитариялық алғашқы көмек сияқты жетекші республикалық ғылыми орталықтар мен клиникалардың басшылары жіберіледі. Жергілікті мамандармен бірге олар өңірлік денсаулық сақтау жүйесін нығайту бойынша қадамдық іс-қимыл жоспарын әзірлейді"» - деп атап өтті облыс активі алдында сөйлеген сөзінде А.Амангелдиев.
Проблемалық мәселелерді шешу үшін МСАК, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет және әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мамандарының қатысуымен жеке ведомствоаралық топ құрылды.
Ол жергілікті жерлердегі жағдайды жүйелі түрде зерттеп, белгіленген шаралардың іске асырылуын бақылауды қамтамасыз ететін болады.
Өңірге келгеннен кейін вице-министр Жаңаарқа ауданының орталық аудандық ауруханасына барды, онда 27 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Ол медициналық ұйымның қызметімен танысып, аудандық әкімдік өкілдерінің, мәслихат депутаттарының және медициналық жұртшылықтың қатысуымен кеңес өткізді.
Одан әрі топ Жезқазған, Сәтбаев қалаларының, Ұлытау ауданының стационарлары мен емханаларында болды. А. Амангелдиев бас дәрігерлердің кадрлармен қамтамасыз ету, ана мен бала өлімінің көрсеткіштері, инфекциялық аурулармен күрес, МСАК жұмысы туралы ақпаратын тыңдап, ауруханаларды техникалық жарақтандыру, санитариялық көлікті жаңарту, келген медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселелерін назарға алды.
Онкологиялық көмек көрсетудің сапасына, скринингтік зерттеп-қараулар жүргізуге, медициналық алғашқы көмек ұйымдарында жүкті әйелдер мен балаларды патронаждауға ерекше назар аударылды.
Ведомствоның жұмыс тобы скринингтік зерттеп-қарау хаттамаларымен танысты, дәрігерге дейінгі қарап-тексеру алгоритмдерін және қарау кабинеттерінің жұмыс әдістемесін тексерді. Бұл ретте скринингтермен қамтудың төмендігі, МСАК мамандарын даярлау деңгейінің жеткіліксіздігі, сондай-ақ кеш сатыларда анықталған аурулар санының өсуі байқалды.
«Біз жағдайды сол жерде зерттеп, кемшіліктерді анықтап, оларды жоюға көмектесуіміз керек. Бұл бір реттік акция емес, өңірдегі медициналық көмектің сапасын жақсартудың ұзақ мерзімді жоспары. Басты мақсат - Ұлытау тұрғындары үйдің жанында заманауи және сапалы медициналық көмек алып, Қарағандыға немесе Астанаға баруға мәжбүр болмауы», - деп атап өтті Ардақ Амангелдиев.