Ақтауда позитрондық-эмиссиялық томография орталығы (ПЭТ/КТ) ашылды, ол жоғары технологиялық медициналық көмекті халыққа қолжетімді етуге және онкологиялық аурулардың қайталануын ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді.
Орталық жылына 2000-нан астам зерттеу жүргізе алады және 25 жаңа жұмыс орнын ашады. Ашылудың бірінші күнінде бірнеше пациент ПЭТ/КТ-зерттеп-қараудан өтті. Медициналық жабдықтар Германиядан, АҚШ-тан және Оңтүстік Кореядан жеткізілді.
Бұған дейін Маңғыстау облысы мен көршілес өңірлердің тұрғындары ПЭТ/КТ-зерттеп-қараудан өту үшін Астанаға немесе Алматыға баруға мәжбүр болды. Ақтауда орталықтың ашылуы уақыт пен қаражатты үнемдеуге, сондай-ақ жасанды интеллектті пайдалана отырып, диагностиканың заманауи әдістеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді.
2025 жылдың 7 айында Маңғыстау облысында әртүрлі кезеңдерде 562 онкологиялық ауру тіркелгенін айта кеткен жөн. Атап айтқанда, 312 пациентте ауру 1-2-сатысында, 36-да – 3-4-сатысында, 157-де - 0-1-сатысында анықталды. Бұл көрсеткіштер өңірде онкологиялық ауруларды ерте анықтау бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Жоба Orhun Medical компаниясының және Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ПЭТ/КТ орталығын ашу өңірлерде жоғары технологиялық медициналық көмекті дамытудағы маңызды қадам болып табылады.