Ел бойынша жүретін «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы тұрғындары білікті дәрігерлік көмек алған Ақмола облысының бірқатар аудандарында аялдады.
24-27 тамыз аралығында құрам Ерейментау ауданының Қоржынкөл және Өлеңті станцияларында болды. Дәрігерлер қабылдауды 09:00-ден 18:00-ге дейін жүргізді. Тұрғындар терапевт, хирург, педиатр, психолог, невропатолог, кардиолог, стоматолог, офтальмолог, ЛОР дәрігері, гинеколог және басқа мамандарға жүгіне алды. Мобилділігі төмен азаматтар үшін мобилдік бригаданың жұмысы ұйымдастырылды.
Пойыздың құрамында заманауи диагностикалық жабдықтар жұмыс істейді: ЭКГ, рентген, маммография, ультрадыбыстық және зертханалық зерттеулер. Медициналық пойыздың жұмысының арқасында көптеген тұрғындар зерттеп-қараудан өтіп, консультациялар алып, одан әрі емделуге жолдама алды.
Мысалы, Бұланды ауданының Макинка станциясында бір күнде 214 адам, оның ішінде 153 әйел, 61 ер адам және 12 бала медициналық көмек алды. Пациенттер қарап-тексерулерден, арнайы мамандардың косультацияларынан, диагностикалық емшаралардан, сондай-ақ кішігірім хирургиялық араласулардан өтті.
Станция тұрғындары мамандандырылған рентгенологиялық зерттеулерден өте алды. Көбінесе олар кеуде ағзаларына, иық буынына, қабырғаларға, белге, сондай-ақ маммографияға қатысты болды. Ең көп таралған диагноздар жүректің ишемиялық ауруы, созылмалы бронхит, артериялық гипертензия, артрит, артроз, остеохондроз және аралас астигматизм болды.
2025 жылы «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы еліміздің шалғай аудандарындағы 121 станцияда тоқтап, мыңдаған азаматтарға медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.