Қызылорда облысының Арал қаласында «Қамқорлық» балалар оңалту орталығының салтанатты ашылуы өтті.
Бүгінде өңірдеү 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 6800-ден астам бала тұрады. Жаңа орталық жыл сайын Арал қаласы мен жақын маңдағы ауылдық елді мекендерден 600-ге жуық баланы қабылдауға мүмкіндік береді, оларға 21 күндік тегін оңалту курсын ұсынады. Орталық Арал көпсалалы орталық аудандық аурухана базасында ашылды.
Оңалту және физиотерапиялық кешендерді, сенсорлық және интерактивті бөлмелерді қоса алғанда, мекеме Германия, АҚШ, Аустрия, Қазақстан және Ресейдің жетекші өндірушілерінен заманауи жабдықтарымен жарақталған. Орталықтың жұмысын невролог, реабилитолог, логопед, дефектолог, психолог дәрігерлер, ЕДШ нұсқаушылары және еңбек терапевттері мамандарының мультидисциплиналық тобы қамтамасыз етеді.
Өз сөзінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа мекеменің ашылуы Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орайластырылғанын және аудан тұрғындары үшін маңызды оқиға екенін атап өтті. Жаңа орталық ерекше қажеттіліктері бар балалар мен ересектерге өңірден шықпай-ақ заманауи оңалту көмегін алуға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары Қызылорда облысында денсаулық сақтауды жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Үш жылдың ішінде өңірге 441 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды, бұл медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, халықты санитариялық көлікпен және мамандандырылған жабдықтармен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Тек Арал ауданына 25 санитариялық автокөлік берілді, ал жедел жәрдем станциясы арнайы техникамен толық жабдықталған.
Жаңа оңалту орталығының ашылуы өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамыту және халық үшін медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту жөніндегі кешенді жұмыстың бір бөлігіне айналды.