А. ӘЛНАЗАРОВА МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНА ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНІҢ ДАМУЫ ТУРАЛЫ БАЯНДАДЫ

А. ӘЛНАЗАРОВА МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНА ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІНІҢ ДАМУЫ ТУРАЛЫ БАЯНДАДЫ

 

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Мемлекет басшысына саладағы ағымдағы жағдай, ведомство жұмысының нәтижелері, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы ақпарат берді.

Бірінші кезекте А. Әлназарова елдегі жалпы өлім деңгейінің төмендегені туралы хабардар етті.

Мәселен, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы өлім 3%-ға төмендеді. 2024 жылы Ана мен бала өлімінің көрсеткіштері тарихи ең төменгі деңгейге жетті, 2025 жылы өлімнің төмендеуі жалғасуда.

Ағымдағы жылдың 7 айында көптеген инфекциялық аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Есепті кезеңде 22 инфекция бойынша жағдай тіркелген жоқ, қызылшамен сырқаттанушылық 11,5 есеге, көкжөтелмен сырқаттанушылық 7,5 есеге төмендеді.

 

Денсаулық сақтау министрі ведомствоның басым бағыты медициналық-санитариялық алғашқы көмектің тиімділігін арттыру болып табылатынын атап өтті. Қазіргі уақытта денсаулық сақтаудың бастапқы буыны деңгейінде «қолжетімді емхана» тұжырымдамасына баса назар аудара отырып, тәсілдер қайта қаралды.

 

Зерттеудің неғұрлым тиімді түрлерін қолдана отырып, скринингтердің нысаналы топтары кеңейтілді, емханаларда кезектілікті төмендету үшін жаңа шаралар енгізілді, созылмалы аурулары бар пациенттерді динамикалық бақылаумен қамту - 30%-дан 80%-ға дейін өсуде, бұл пациенттерді шұғыл емдеуге жатқызу деңгейін төмендетеді.

Медициналық көмектің сапасын арттыру және ұлттық орталықтар мен өңірлер арасындағы алшақтықты азайту үшін облыстық ауруханаларды жаңғырту бағдарламасы іске асырылуда.

Бағдарлама шеңберінде мамандарды оқыту, бейінді бөлімшелер ашу, телемедицина орталықтарын, құзырет орталықтары мен симуляциялық орталықтарды іске қосу, сондай-ақ медициналық жабдықтарды жаңғырту және жаңарту көзделген. Онкологиялық қызметті дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

Денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі жаңғырту жүргізілуде. Соңғы үш жылдың ішінде елімізде 633 жаңа нысан іске қосылды, оның ішінде ұлттық деңгейдегі ауқымды жобалар, сондай-ақ өңірлердегі заманауи медициналық мекемелер бар. Ауылдық медицинаны дамытуға ерекше көңіл бөлінеді: «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасының шеңберінде 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны салынуда, оның 538-і пайдалануға берілген.

Денсаулық сақтау министрі дәрі-дәрмек саясатының жүзеге асырылуы туралы да хабардар етті.

Осылайша, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға баға белгілеудің ашықтығын арттыру мақсатында оларды қалыптастыру тетігі қайта қаралды: артық шығыстар алынып тасталды, генериктерге шекті бағалар бастапқы препараттар құнының 30%-на дейін төмендетілді, референттік елдердің тізбесі өзектендірілді. Ведомство дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін арттыру және олардың айналымын бақылауды күшейту жөнінде шаралар қабылдайды.

Саланы кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі оң динамиканы көрсетеді. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда дәрігерлердің жетіспеушілігі 19%-ға, орта медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі- 7%-ға, ауылдағы дәрігерлердің жетіспеушілігі - 16%- ға төмендеді.

 

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде министр медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар, оның ішінде заңнаманы қатаңдату, төтенше жағдайларда жедел көмекті ұйымдастыру жөніндегі шаралар туралы айтты.

Қазіргі уақытта қабылданған заңға сәйкес 2027 жылдан бастап медициналық көмектің бірыңғай пакетіне және қаржыландырудың басым сақтандыру моделіне кезең-кезеңімен көшу қамтамасыз етілуде. Халықтың әлеуметтік осал топтарынан 1 млн азамат жергілікті бюджеттер есебінен медициналық сақтандыруға қолжетімділікпен заң жүзінде қамтамасыз етіледі деп күтілуде.

Саланы цифрландыру бөлігінде де белсенді жұмыс жүргізілуде. Сонымен, e-Densaulyq экожүйесінің архитектурасын оңтайландыру ҚР ДСМ қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің санын 17-ден 6-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Медициналық ұйымдардың меншік нысанына қарамастан азаматтардың денсаулығы туралы барлық мәліметтер жинақталатын медициналық деректердің бірыңғай қоймасы ядроға айналады.

 

Соңында А.Әлназарова сыртқы және ішкі сын-қатерлерді, созылмалы аурулардың өсіп келе жатқан ауыртпалығын ескере отырып, Министрлік денсаулық сақтауды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасын әзірлегенін атап өтті. Құжат профилактикалық шаралардың басымдығына, қоғамдық денсаулықты нығайтуға, медициналық көмекті барлық деңгейлерде интеграциялауға және цифрлық технологияларға сүйене отырып, адамға бағытталған моделді дамытуға бағытталған.

Тұжырымдаманы іске асыру медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, өлімді азайтуға және 2030 жылға қарай халықтың өмір сүру ұзақтығының 77 жасқа дейін жетуіне мүмкіндік береді.