Тимур Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барып, өңірдегі медициналық ұйымдардың жұмысымен танысты, сондай-ақ ағымдағы жылдың шілде айында қабылданған әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнаманың негізгі ережелерін түсіндіру бойынша кеңес өткізді.
Жұмыс бағдарламасы Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына барудан басталды. Мекеме 0 жастан 17 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге медициналық көмек пен оңалту қызметтерін көрсетеді. Мұнда хирургия, педиатрия, нейрохирургия, травматология және ортопедия, жақ-бет хирургиясы және отолорингология, қалпына келтіру емі және медициналық оңалту бөлімшелері, сондай-ақ жаңа туған нәрестелер патологиясы бөлімшесі және т. б. қоса алғанда, тәулік бойғы 552 төсек және күндізгі стационардың 40 төсегі жұмыс істейді.
Бірінші вице-министр мекеменің материалдық-техникалық базасымен, көмек көрсету шарттарымен танысып, аурухана медицина қызметкерлерімен әңгімелесті.
Бұдан әрі Жамбыл облыстық қан орталығында Тимур Сұлтанғазиевтің төрағалығымен Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшылығының және өңірдің медициналық ұйымдарының бірінші басшыларының қатысуымен аппараттық кеңес өтті. Кездесудің басты тақырыбы МӘМС туралы жаңа заңның негізгі ережелерін түсіндіру болды.
Жұмыс сапарының соңында бірінші вице-министр №5 қалалық емханаға барды. 2010 жылы салынған медициналық мекеме тіркелген 65 814 пациентке, оның ішінде 42 527 ересек пен 23 287 балаға қызмет көрсетеді.
Емханада отбасылық практиканы дамытуға және мейіргерлердің кеңейтілген рөліне ерекше назар аударылады, сондай-ақ денсаулықты басқару бағдарламалары, патронаждың әмбебап прогрессивті моделі табысты іске асырылуда, Жастар денсаулық орталығы мен әлеуметтік-психологиялық қызмет жұмыс істейді.