Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарды жыл сайын скринингтік зерттеп-қараудан өтуге шақырады. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 80-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары профилактикалық медициналық қарап-тексеруден және скринингтік зерттеулерден өтуге міндетті.
Сонымен қатар, осы жылдан бастап МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, онкоскринингтер барлығына қолжетімді.
Зерттеп-қараулар жүрек-қан тамырлары ауруларын, қант диабетін, глаукоманы, сүт безі, жатыр мойны мен ішектің обырын, В және С вирустық гепатиттерін, цереброваскулярлық бұзылуларды және басқа да қауіпті патологияларды ерте анықтауға бағытталған. Жас санаттары мен жиілігін дәрігер медициналық стандарттарға сәйкес анықтайды.
Сіз өзіңіздің емханаңызда скринингтен өте аласыз - жеке куәлігіңіз болуы жеткілікті. Тіркелу, call-орталық немесе Дамумед мобилдік қосымшасы арқылы жазылуға болады.
Көбінесе учаскелік дәрігерлер немесе мейіргерлер жас және басқа өлшемшарттар бойынша тізімдер жасай отырып, бекітілген халықты өздері шақырады.
Скринингтен кім және қашан өтеді?
- жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары: артериялық гипертония және жүректің ишемиялық ауруы - 40 пен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер
- эндокриндік аурулар: қант диабеті - 40 пен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер
- көру ағзаларының аурулары: глаукома - 40 пен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер
- онкологиялық аурулар: сүт безі обыры - 40 пен 76 жас аралығындағы әйелдер; жатыр мойны обыры-30 мен 74 жас аралығындағы әйелдер; колоректалдық обыр - 50 мен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер
- вирустық инфекциялар: В және С вирустық гепатиті - медицина қызметкерлері; жоспарлы және шұғыл операцияларға түсетін пациенттер; гемодиализ, гематология, онкология, трансплантаттау, жүрек-қан тамырлары және өкпе хирургиясы орталықтары мен бөлімшелерінің пациенттері; ағзаларды, тіндерді, жасушаларды гемотрансфузия және трансплантаттау жүргізілетін адамдар; жүкті әйелдер
- цереброваскулярлық бұзылулар - 50 жастан 76 жасқа дейінгі ер адамдар
Азаматтарды тексеру тіпті ешқандай белгілер болмаған жағдайда да - тек олардың денсаулығына сенімді болу үшін қажет.