ТАРАЗДА ЖҮКТІ ӘЙЕЛДЕРГЕ КЕҢЕС БЕРЕТІН ЖАҢА ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

ТАРАЗДА ЖҮКТІ ӘЙЕЛДЕРГЕ КЕҢЕС БЕРЕТІН ЖАҢА ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

 

Тараз қаласындағы “Almaz Medical Group” ЖШС емханасында әйелдерге кеңес беретін жаңа бөлімше өз есігін айқара ашты. Салтанатты ашылу рәсіміне Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек қатысып, жаңа орталықтың маңыздылығын атап өтті.

Жаңа бөлімше заманауи медициналық құралдармен жабдықталған және жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етілген. Мұнда әйелдерге өмірінің барлық кезеңдерінде, соның ішінде жүктілікке дайындық, жүктілік барысы және босанғаннан кейінгі кезеңде сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетіледі.

Бұл әйелдер консультациясы алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жаңғырту бағдарламасы аясында ашылды.

Негізгі мақсат — әйелдерге, әсіресе болашақ аналарға, қауіпсіз, ыңғайлы және уақтылы медициналық көмек көрсету.

Бөлімшеде акушер-гинекологтар, ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) мамандары, отбасын жоспарлау жөніндегі кеңесшілер қызмет атқарады. Сонымен қатар, болашақ аналарға арналған арнайы мектеп, психологиялық және заңгерлік көмек те қарастырылған.

Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес, бағдарлама аясында әйелдерге көрсетілетін амбулаториялық-емханалық деңгейдегі қызметтер жетілдіріліп, олардың қолжетімділігі мен сапасы арттырылуда.

Бағдарламаның негізгі бағыттары: жүктілік кезіндегі асқынуларды ерте анықтау, пренаталдық скрининг пен генетикалық зерттеулер жүргізу, психопрофилактика, қашықтан кеңес беру және патронаж ұйымдастыру. Қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдерге психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету де қарастырылған.

Сондай-ақ, репродуктивті денсаулықты сақтау, түсік жасатудың алдын алу, басқа медициналық мекемелермен тығыз байланыста жұмыс істеу және ана мен бала өлімін азайту мақсатында нақты шаралар жүзеге асырылуда.

“Бұл орталықтың ашылуы – әйелдердің денсаулығына деген қамқорлықтың нақты көрінісі. Болашақ аналарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру арқылы біз ұлт саулығының негізін қалыптастырамыз”,- деп атап өтті басқарма басшысы.