Қазақстанда әйелдер мен балаларға үй жағдайында қолдау көрсетуге негізделген дәлелді практикаға сүйенетін әмбебап прогрессивті патронаж моделі (ӘППМ) жаңғыртудан өтті.
Жоба ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ЮНИСЕФ-тің қатысуымен іске асырылды және бұл модель балалар тәрбиелеп отырған барлық отбасыларға денсаулықты нығайту, баланың дамуы мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында сапалы әрі үздіксіз патронаж көмегіне тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Патронаж көмегінің негізгі нысаналы тобы – барлық жүкті әйелдер, 5 жасқа дейінгі балалар және олардың отбасылары. ӘППМ-нің әмбебап пакеті шеңберінде жүкті әйелдерге екі рет, ал бала 5 жасқа толғанға дейін оның дамуының негізгі кезеңдерінде сегіз рет патронаждық бару көзделген.
Отбасында немесе балада қауіп факторлары анықталған жағдайда бару саны мен жиілігі артады.
Патронаждың әмбебап прогрессивті моделі Қазақстанда 2017 жылдан бастап енгізіліп келеді және оның тиімділігі, әсіресе осал топтармен жұмыста дәлелденген.
Алайда, осы уақытқа дейін патронаж мейіргерлерінің жұмысында жергілікті жағдай ескерілмей әзірленген модулдер пайдаланылып келді.
Бөлек құрылым, тілдік кедергілер мен бейімдеудің болмауы бұл материалдарды Қазақстан жағдайында тиімді қолдануға кедергі келтірді.
Материалдарды Қазақстан жағдайына бейімдеу үшін барлық модулдер қазақ және орыс тілдеріне аударылып, бірыңғай форматқа келтірілді, ұлттық заңнама мен клиникалық хаттамалармен үйлестірілді.
Бейімделген модулдер мейіргерлерді медициналық колледждер мен жоғары оқу орындарында даярлау бағдарламаларында, сондай-ақ медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жүйесінде пайдаланылатын болады.
Бұл патронаж қызметінде бірыңғай тәсілді қалыптастыруға, мейіргерлердің кәсіби құзыретін нығайтуға және балалар тәрбиелеп отырған отбасыларға көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.