Шаралар кешенін дәйекті іске асыру нәтижесінде 2024 жылы Қазақстанда оң динамикаға қол жеткізілді: ана өлімінің көрсеткіші 12%-ға, нәресте өлімінің көрсеткіші 11%-ға төмендеді. Ағымдағы жылдың алты айының қорытындысы бойынша ана өлімінің төмендеуі 10%-ды, нәресте өлімінің төмендеуі 26%-ды құрады, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында.
Осылайша, әйелдер мен балаларға медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында акушерлік және педиатрия бойынша стандарттар мен клиникалық хаттамалар жаңартылды.
2024 жылғы 1 маусымнан бастап босандыру, операциялар, салмағы аз жаңа туған нәрестелерге күтім жасауды қоса алғанда, акушерлік және педиатриялық көмек көрсетуге тарифтер ұлғайтылды.
Бұл сондай-ақ қымбат дәрілік заттарға қолжетімділікті арттыруға, медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегін төмендетуге және білікті мамандарды тарту үшін жағдай жасауға мүмкіндік берді.
«Босанғаннан кейінгі қан кетулермен күресудің жаңа тәсілдері енгізілді, ағымдағы жылы ағзаны сақтайтын операциялар 20%-ға өсті. Медициналық авиация желісі бойынша уақтылы және жоғары мамандандырылған көмек көрсету жөніндегі шаралар әйелдер мен балалардың 96%-ының өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Ағымдағы жылы алғаш рет дәрі-дәрмектер тізіміне пиелонефрит, қант диабеті және артериялық гипертензиясы бар жүкті әйелдерге арналған препараттар енгізілді», - деп атап өтті А. Әлназарова Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде.
«Аналар саулығы» жобасының шеңберінде жүктілікке алдын ала дайындық бағдарламалары іске қосылды, скринингтер кеңейтілді, даму кемістіктерінің ерте диагностикасы күшейтілді. 22 перинаталдық орталықтың базасында ұрықты сақтау орталықтары мен «Бір күндік клиникалар» ашылды, онда болашақ аналар қажетті зерттеп-қараулар мен сүйемелдеуді алады.
Феталдық медицинаның бағыты дамиды - туғанға дейін баланың өмірін сақтау үшін жатырішілік операциялар жасалады.
Шалғай өңірлердегі әйелдер үшін Түркістан, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында «Салауатты Ана» пансионаттары ашылды, онда күрделі босанғаннан кейін алдын ала емдеуге жатқызудан және оңалтудан өтуге болады.
Маршруттаудың тиімділігі нақты уақыт режимінде жүкті әйелдердің жағдайын бақылайтын Ахуалдық орталықтардың жұмысының есебінен күшейтіледі, ал медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін мамандандырылған тренингтік алаңдар құрылды.
Елімізде денсаулық сақтау жүйесінде әйелдер мен балаларды сүйемелдеу үшін цифрлық құралдар белсенді дамып келеді.
Балабақша мен мектепке түсу үшін қажетті бала денсаулығының электрондық паспорты, сондай-ақ ауытқулар мен қауіп факторларын ерте анықтауға мүмкіндік беретін мониторинг жүйесі енгізілді.
Денсаулықтың негізгі параметрлерін қамтитын 18 жасқа дейінгі әр баланың цифрлық бейіні қалыптасады. Жүкті әйелдер үшін қабылдау және скрининг мерзімі туралы проактивті хабарлау сервисі енгізілді, бұл профилактикалық жұмысты күшейтуге мүмкіндік береді.
Министрлік кадр тапшылығын қысқарту бойынша шаралар қабылдауда. Өткен жылы алғаш рет 162 педиатр, биыл 159 педиатр бітірді. 1 қыркүйектен бастап сұранысқа ие 14 балалар мамандығы бойынша резидентурада оқу басталады.
Жалпы, босандыру және педиатрия мамандарының тапшылығы 25%-ға төмендеді. Ауылдық жерлерге жұмыс істеуге кеткен дәрігерлер 8,5 млн теңгеге дейінгі мөлшердегі біржолғы төлемдерге сене алады.
Министрлік резидентурадан кейін міндетті пысықтау бөлігінде нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу мәселесін пысықтауда.
Ведомство басшысы бірқатар өңірлерде ана мен бала өлімі көрсеткіштерінің өскенін атап өтті. Босанған әйелдердің негізгі себептерінің бірі - ауыр экстрагениталды аурулар және акушерлік асқынулар, балаларда - туа біткен ақаулар және тыныс алу ағзаларының аурулары.
Бірқатар солтүстік және орталық өңірлерде (Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары және Ұлытау облысы) үйде балалардың өлімінің артуы тіркелуде, бұл отбасылармен патронаждық жұмысты күшейту қажеттігін көрсетеді.
Әрбір өлім мұқият зерттеліп, талданады, ауқымды тексерулер тағайындалады, бұзушылықтарды жою үшін шаралар қабылданады.
Денсаулық сақтау министрлігі әйелдер мен балалардың денсаулығын сақтауға, уақтылы және қауіпсіз босандыруды қамтамасыз етуге, елдегі педиатрия қызметін нығайтуға бағытталған кешенді шараларды іске асыруды жалғастыруда.