Еліміздің барлық өңірлеріндегі онкологиялық орталықтар мен емханаларда саркомалар туралы хабардар болу айлығына орайластырылған ашық есік күні өтті.
Акция барысында 517-ден астам азамат тегін консультация алды, 249 диагностикалық зерттеу жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша қатерлі ісіктердің 16 жағдайы анықталды, 64 адамда ісік алдындағы процестердің белгілері тіркелді. Сонымен қатар, 248 пациентке басқа созылмалы аурулар диагнозы қойылды.
Акция 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты - саркома сияқты сирек кездесетін, бірақ қауіпті обыр туралы халықтың хабардарлығын арттыру, симптомдар, қауіп факторлары және ерте анықтау және уақтылы медициналық көмекке жүгіну мүмкіндіктері туралы хабардар ету.
Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Маңғыстау облыстарының онкологиялық орталықтары белсенділік танытты.
Ерте диагностика онкологиялық ауруларды сәтті емдеудің негізгі факторы болып табылады.