Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесінде кадрлар даярлауды жетілдіру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Негізгі бағыттардың бірі осы бағдарлама бойынша білім алатын мамандарды даярлау мен бөлудің барлық циклін қамтитын резидентураның бірыңғай цифрлық платформасын әзірлеу және сынақтан өткізу болып табылады.
Бұл жүйе мыналарды қамтиды:
* резидентураға қабылдаудың автоматтандырылған процесі,
* білім беру бағдарламаларын басқару,
* жеке оқу жоспарларын қалыптастыру,
* білім алушылардың үлгерімін мониторингтеу,
* сонымен қатар дипломнан кейінгі сүйемелдеу және түлектердің мансаптық жолын қадағалау.
Бұл платформа дәрігерлерді даярлаудың ашықтығын, объективтілігін және сапасын қамтамасыз етеді, Кадрлық жоспарлаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді және мамандарды ел бойынша біркелкі бөлуге ықпал етеді.
Өңірлерге мамандарды тарту үшін мемлекеттік қолдау шаралары іске асырылуда, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі енгізілді.
Сондай-ақ, өңірлерге мамандарды тарту үшін мемлекеттік гранттың есебінен білім алатын түлектер тапсырыс берілген өңірде еңбек практикасынан және пысықтаудан өтуге міндетті.
«Биылғы жылы өңірлердің өтінімдері мен қажеттіліктерін ескере отырып, резидентураға 2500 грант бөлінді», - деп атап өтті ведомствода.
Кадрларды сертификаттау жүйесінің дамуы жалғасуда. Біліктілік деңгейі беріле отырып, 49,5 мыңнан астам маман жаңартылған рәсімнен өтті.
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еліміздің денсаулық сақтау саласында 275 мыңға жуық маман жұмыс істейтінін, оның ішінде 83 мыңнан астамы - дәрігер, ал 191 мыңға жуығы - орта медицина персоналы екенін айта кеткен жөн.
Сонымен қатар, кадр тапшылығы сақталуда: 2024 жылдың қорытындысы бойынша тапшылық 3986 дәрігер мен 4230 орта буын маманын құрады.
Бұл ретте 2023 жылмен салыстырғанда оң динамика байқалады: дәрігерлердің тапшылығы 19%-ға, ал орта медицина персоналының тапшылығы 13%-ға қысқарды. Елдегі медициналық кадрлармен қамтамасыз ету ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткіштерінен асып түседі.
Арнайы балалар мамандарының тапшылығын төмендететін тағы бір шешім - резидентурада 14 жаңа мамандықтың пайда болуы, соның ішінде балалар кардиологиясы, эндокринология, гастроэнтерология, жақ-бет хирургиясы және басқалары.
Кадрлық әлеуетті дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу және мамандарды атаулы қолдау бойынша дәйекті қадамдар денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуы мен бүкіл ел бойынша медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін жағдай жасайды.