Денсаулық сақтау министрлігі 36 көпбейінді облыстық аурухананы ауқымды жаңғырту жұмыстарын бастады. Мақсаты — өңірлердегі медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, оны тұрғындардың нақты қажеттіліктеріне барынша бейімдеу.
Бұл ретте жалпы төсек қорының тек 20%-ын ғана әлеуметтік мәні бар созылмалы ауруларды (жүрек-қан тамырлары, бүйрек, асқазан-ішек аурулары және басқалар) емдеуге арналған терапиялық төсектер құрайды, мұндай дерттер көбінесе мүгедектікке әкеледі және ұзақ емдеуді қажет етеді.
Жаңғырту шеңберінде төсек қоры нақты жүктемеге және сұранысқа сай қайта бөлінеді. Қажетсіз, артық төсектер аса сұранысқа ие терапиялық бағыттарға — гастроэнтерология, эндокринология, ревматология, пульмонология және басқа да салаларға бейімделеді.
Жаңғырту шеңберінде мынадай негізгі шаралар көзделген:
• созылмалы аурулармен ауыратын пациенттердің емделу жолын оңтайландыру;
• кадрлық әлеуетті дамыту және мамандарды әлеуметтік қолдау;
• ұлттық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен қашықтан консультация беру мен диагностиканы енгізу;
• медициналық жабдықтарды жаңарту;
• өңірлік симуляциялық орталықтар желісін құру;
• диагностика мен емдеудің озық технологияларын енгізу.
Сондай-ақ республикалық және өңірлік құзырет орталықтарының рөлі күшейтіледі. Бұл орталықтар жаңа клиникалық тәсілдерді енгізетін алаңға айналмақ. Бас штаттан тыс мамандардың мәртебесін арттыру, сондай-ақ жас дәрігерлерді даярлау және қолдау да басты назарда болады.
Бүгінде Қазақстанда ересектер мен балаларға арналған 36 көпбейінді облыстық аурухана жұмыс істейді, оларда жалпы 15 550 төсек орны бар.
Жаңғырту бағдарламасын іске асыру өңірлердегі денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, созылмалы аурулардан болатын өлімді азайтуға және халықтың өмір сүру ұзақтығын ұлғайтуға мүмкіндік береді.