Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова халықпен кездесу өткізді, азаматтарды жеке қабылдады және брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Жеке қабылдау барысында медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы, кадрлармен қамтамасыз ету, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру және басқа да өзекті тақырыптар бойынша өтініштер қаралды. Әрбір сұрақ бойынша түсіндіріліп, жауапты қызметтерге тапсырмалар берілді.
Өңірлік журналистерге арналған брифингте министр Министрлік жұмысының басым бағыттары және мемлекет Басшысының халыққа медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру туралы айтты.
«Өңірде халықтың негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштері жақсарды. Өлімнің жалпы көрсеткіші 18%-ға, жарақат-6%-ға төмендеді. Ағымдағы жылдың 4 айында Маңғыстау облысында ана өлімі тіркелген жоқ. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нәресте өлімі көрсеткішінің 18%-ға төмендеуі байқалды және 1000 тірі туғанға шаққанда 7,25-ті құрады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірде өмір сүру ұзақтығы 75,62 жасты құрады, бұл ұқсас кезеңмен салыстырғанда 0,22 жасқа аз», — деді А.Әлназарова.
Министр өз сөзінде Мемлекет басшысы тапсырмаларының шеңберінде медициналық көмектің бірыңғай пакетіне көшу, бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені құру, медицина қызметкерлерінің мәртебесі мен құқықтық қорғалуын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ, білім беру гранттарын бөлудің жаңа тәсілдерін және ауылдық жерлерге баратын мамандарды қаржылай қолдауды қоса алғанда, кадрлар тапшылығы проблемасын шешу бойынша шаралар қабылдануда.
Өңірде медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жаңа денсаулық сақтау нысандары салынуда. Мәселен, Мұнайлы аудандық 150 төсектік аурухананың құрылысы аяқталды, жыл соңына дейін Ақтау қаласында жылына 100 000 шығуға есептелген жаңа жедел жәрдем станциясын пайдалануға беру жоспарлануда.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде жұмыс істеп тұрған Бейнеу аудандық орталық ауруханасын көп бейінді аудандық орталық ауруханаға қайта жаңарту көзделуде.
Министр қол жеткізілген нәтижелермен қатар бірқатар жүйелік міндеттерді шешу қажеттігін атап өтті. Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмек көрсету тетіктерін жетілдіру және еліміздегі денсаулық сақтау саласын тұрақты дамыту үшін жағдайлар жасау жөніндегі жұмысты жалғастырады.