ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ЖЕКЕ ЕМШАРА КАБИНЕТТЕРІНІҢ ҚЫЗМЕТІНЕ БАҚЫЛАУДЫ КҮШЕЙТУДЕ

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ЖЕКЕ ЕМШАРА КАБИНЕТТЕРІНІҢ ҚЫЗМЕТІНЕ БАҚЫЛАУДЫ КҮШЕЙТУДЕ

 


ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Жеке емшара кабинеттерінде көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейтеді.


Биылғы жылдың басынан бері Жамбыл облысында медициналық көмек көрсету стандарттарын бұзған медициналық ұйымдарда екі адам қайтыс болғанын естеріңізге сала кетейік.


ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті осы мекемелерді тексеру кезінде елеулі бұзушылықтарды, оның ішінде шұғыл медициналық көмек көрсету үшін лицензиялар мен шарттардың жоқтығын, дәрі-дәрмектерді сақтау қағидаларын сақтамауды анықтады.
Өңірде қоғамдық мониторингтік топтар құрылды. Жүргізілген тексерулерден кейін олар медициналық көмек көрсету стандарттарын бұзатын 133 емшара кабинетін анықтады.


«Жоспардан тыс тексерулердің нәтижесінде 14 емшара кабинетіне жалпы сомасы 2,1 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынды, 51 кабинет өз еркімен жұмысын тоқтатты, 68 мекемеде тексерулер жалғасуда», — деп хабарлады МФБК Жамбыл облысы бойынша департаментінде.


Осыған ұқсас жұмыс Қазақстанның басқа өңірлерінде де жүргізілетін болады.


Жоспардан тыс тексерулер азаматтардың ресми өтініштері, әкімдіктердің, Денсаулық сақтау басқармаларының, құқық қорғау органдарының тапсырмаларының негізінде ғана жүргізілуі мүмкін екенін айта кеткен жөн.


Денсаулық сақтау министрлігі тек лицензияланған медициналық ұйымдарға жүгінуді, персоналдың біліктілігіне және медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензияның болуына қызығушылық танытуды, дәрігерлік бақылаусыз үйде емшаралар жүргізбеуді ұсынады.