Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық ұйымдардың барлық дербес сатып алулары Электрондық қаржы орталығының веб-порталы арқылы электрондық форматта жүзеге асырылады. Бұл ауысу денсаулық сақтау саласындағы сатып алу процестерінің ашықтығын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.
2025 жылғы 30 мамырдағы жағдай бойынша Порталда 778 медициналық ұйым тіркелді, жалпы сомасы 119,5 млрд теңгеге дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды жеткізуге шарттар жасалды. Бұл шаралар мәмілелердің ашықтығы мен автоматтандырылуын қамтамасыз етуге, бағаларды тиімді бақылауға және ресурстарды үнемдеуге, нақты бәсекелестік ортаны құруға мүмкіндік берді.
Сатып алу науқанын талдау барынша талап етілетін тауарларға, оның ішінде экстемпоралдық ерітінділерге — 11%-ға, шприцтерге — 14%-ға, реагенттер жиынтығына — 11%-ға, катетерлерге-5%-ға, пембролизумабқа-24%-ға құнның айтарлықтай төмендегенін көрсетеді.
Сонымен қатар клиникалық фармакология және госпиталдық фармация бөлімшелерін дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылдың соңына дейін еліміздің медициналық ұйымдарында 441 госпиталдық фармация бөлімшесін ашу жоспарлануда. Бүгінгі таңда осындай 91 бөлімше жұмыс істейді. Енгізу нәтижелері бойынша Астанадағы №2 көпбейінді қалалық аурухана мен Атыраудағы №2 облыстық аурухананың базасында 30-40%-ға дейін салыстырмалы экономикалық тиімділікке қол жеткізілді.
Қосымша, 2025 жылғы мамырдан бастап дәрі-дәрмектерді сақтау және тасымалдау бойынша қызметтерді сатып алу процесі электрондық форматқа ауыстырылды. Байқаулар еліміздің 7 өңірі бойынша жарияланды. Бюджет қаражатын үнемдеудің алдын ала болжамы шамамен 1 млрд теңгені құрайды.
Сондай-ақ, 2024-2025 жылдары 900-ден астам медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағасы өзектендірілді, қосымша 900-ден астам жаңа позиция енгізілді.