ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ДӘРІ-ДӘРМЕКТІҢ БАҒАСЫН ТӨМЕНДЕТУДІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ НАРЫҚҚА ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІН ЖЕҢІЛДЕТУДІ ЖОСПАРЛАП ОТЫР

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ ДӘРІ-ДӘРМЕКТІҢ БАҒАСЫН ТӨМЕНДЕТУДІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ НАРЫҚҚА ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІН ЖЕҢІЛДЕТУДІ ЖОСПАРЛАП ОТЫР

 

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев хабарлағандай, Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың құнын төмендету, тіркеу рәсімдерін жеңілдету, сондай-ақ дәрілерді жекелендірілген жоспарлау мен есепке алуды енгізуге бағытталған кешенді шаралар әзірледі.


«Дәрілік заттардың шекті бағасын белгілеу моделі өзгертілді. Бұрын шекті бағаларға енгізілген, негізсіз деп танылған кейбір үстемеақылар алып тасталды. 1 шілдеге дейін Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген барлық дәрі-дәрмектер бойынша қайта есептеу жүргізіледі. Қазіргі таңда фармацевтикалық қоғамдастықпен көрсетілген моделді сынақтан өткізу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Біз ТМККК және МӘМС шеңберіндегі дәрі-дәрмектің бағасы шамамен 19%-ға, ал көтерме-бөлшек саудадағы баға шамамен 30%-ға төмендейді деп күтудеміз», – деді Ержан Нұрлыбаев.


Шекті бағаны реттеу тетігі қайта қаралғаннан кейін дәрі-дәрмектің бағасы халық үшін тегін тізбеде де (емханалар мен стационарлар арқылы), бөлшек дәріханаларда да барынша қолжетімді болмақ.

Жаңартылған препараттардың тізбесі: 3475 дәрілік заттың атауы және 2 917 медициналық бұйымның атауын (ТМККК және МӘМС шеңберінде), - көтерме және бөлшек сауда үшін 5 936 атауын қамтиды.


Бағаны төмендетудің орташа көрсеткіші:
-2222 дәрі-дәрмектердің атауы— 18%-ға дейін,
-1847 медициналық бұйымның түрі — 14%-ға дейін,
-дәріханалардағы 5492 дәрі-дәрмектің атауы — 30%-ға дейін құрайды.

2024 жылдың қорытындысы бойынша ТМККК (48 нозология) және МӘМС (70 нозология) пакеттері бойынша амбулаториялық деңгейде 3 миллионнан астам қазақстандық азаматқа 118 нозология (аурулар тобы) бойынша 246,29 млрд теңгеге тегін дәрі-дәрмек берілді.

Жыл бойы 1 593 атау бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар орталықтандырылған түрде сатып алынды. Бұл жүрек-қан тамырлары, онкологиялық аурулар, қант диабеті және басқа да кең таралған дерттерге қарсы дәрі-дәрмектер.

Мемлекеттік сатып алуды орталықтандыру және ашық бәсекелестік нәтижесінде 50 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделді. Бұл қаражат қосымша дәрі-дәрмек көлемін алуға, жаңа техника сатып алуға және медициналық қызмет сапасын арттыруға және басқаға жұмсалуы мүмкін.

Қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алынған өнімнің үлесі 30%-ды, ал вакциналар мен орфандық препараттарды есептемегенде — 37%-ды құрады.
Вице-министр сонымен қатар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша тіркеудің пилоттық жобасы туралы айтып өтті. Пилот 2025 жылғы 1 шілдеге дейін жалғасады, егер оның тиімділігі расталса, тұрақты моделге көшу жоспарлануда.


«Цифрландыру министрлігімен бірлесіп композиттік қызметтерді пилоттау жүргізілуде. Композиттік қызметтің шеңберінде ішкі тіркеу рәсімдерін оңтайландыруды көздейтін норма іске асырылатын болады. Дәрілік препараттарды тіркеу 100 жұмыс күні ішінде жүргізілетін болады», – деді Ержан Нұрлыбаев.


Бұл қызмет дәрілік заттарды сараптау, тіркеу және баға белгілеу бойынша қолданыстағы механизмдермен қатар қолданылады, сондай-ақ, дәрілік заттарды Қазақстан ұлттық дәрілік формулярына енгізу үшін кәсіби сараптама жүргізу де көзделген.

Сонымен қатар, барлық нарыққа қатысушылардың дәрілік заттарды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесіне толық интеграциясы аяқталды. Жүйе іске қосылғаннан бері 366 млн қаптама таңбаланып, 80 млн-нан астамы айналымнан шығарылды. Бүгінгі таңда жүйе 19 отандық өндірушіні, 272 көтерме сауда компаниясын, 8000-нан астам бөлшек сауда компаниясын, сондай-ақ 1900-дан астам медициналық ұйымды қамтиды. Таңбалау әрбір қаптаманың қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді, контрафактіге қарсы күресті күшейтеді және тұтынушы сенімін арттырады.