ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА САРАПШЫЛАР БАЛАЛАРДАҒЫ КӨЗ ПАТОЛОГИЯЛАРЫН ЕРТЕ ДИАГНОСТИКАЛАУ МЕН ЕМДЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА САРАПШЫЛАР БАЛАЛАРДАҒЫ КӨЗ ПАТОЛОГИЯЛАРЫН ЕРТЕ ДИАГНОСТИКАЛАУ МЕН ЕМДЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

 

Балаларды қорғау күні қарсаңында Шымкент қаласында Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Грузия офтальмологтарының қатысуымен балалар офтальмологиясы бойынша халықаралық конференция өтті.

Іс-шараны ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Қазақстан офтальмологтар қоғамы мен Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырды.

Конференцияны ашқан Қазақстан офтальмологтар қоғамының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик Тұрсынгүл Ботабекова қазіргі балалардың алдында тұрған негізгі қауіптерге тоқталды. Оның айтуынша, гаджеттерді шамадан тыс пайдалану мен физикалық белсенділіктің төмендеуі — көру қабілетінің нашарлауына әкелетін басты себептер және бұл жағдай шұғыл алдын алу шараларын талап етеді.

Конференцияға қатысушылар балалардың арасында кең тараған офтальмологиялық ауруларды, соның ішінде миопия, қылилық, глаукома, туа біткен катаракта және ретинобластома сияқты патологияларды ерте диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін талқылады. Сонымен қатар офтальмохирургиядағы жаңа технологиялар таныстырылды. Ресейлік офтальмолог Юлия Сидорова лазерлік операцияны тікелей эфирде көрсетті.

Қазақ көз аурулары ҒЗИ офтальмология бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Алуа Әубакірова Қазақстанда ретинобластоманың кеш диагностикалануы өзекті проблема екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл аурудың 75%-дан астамы кеш сатыларында анықталады, сол себепті көзді сақтау мүмкіндігі айтарлықтай төмендейді.

«Ерте диагностикалау – тек көзді ғана емес, баланың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Алматыда біз Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығымен бірлесіп: лазерлік терапия, криодеструкция, химиопрепараттарды интравитреалды енгізу және селективтік интраартериялық химиотерапия сияқты инновациялық емдеу әдістерін жүргізіп келеміз. Бұл тәсілдер аурудың ерте кезеңінде көз алмасын және көру қабілетін сақтауға мүмкіндік береді», – деді А. Әубакірова.

ҚР ДСМ бас штаттан тыс балалар офтальмологы, медицина ғылымдарының кандидаты Айгерім Тулетова да балалардың арасында миопия жағдайларының көбеюіне назар аударды.

«Бүгінде миопия – жаһандық эпидемияға айналды. Оның асқынуын бақылау өте маңызды, себебі көру қабілетінің ауыр бұзылыстарының алдын алуға тек осылай мүмкіндік бар. Көруді түзету әдетте 18 жастан, кейде 21 жастан басталады, бірақ миопияның қарқынын ертерек тоқтату қажет.

Сондай-ақ біз балалардың арасында жарақат алу деңгейінің жоғары екенін байқаймыз, ал бұл өз кезегінде ауыр асқынуларға алып келуі мүмкін. Қазіргі уақытта біздің басты назарымыз осы мәселелердің алдын алуға және патологияларды ерте түзетуге бағытталған», – деп атап өтті А. Тулетова.