Түркістан қаласындағы №3 облыстық перинаталдық орталықта ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаевтың төрағалығымен «Ана мен баланың денсаулығын сақтау – перинаталдық қызметті жетілдірудің негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара барысында жүктілік пен босану кезіндегі медициналық көмекті жақсарту, ана өлімін азайту және өңірлік деңгейде жауапкершілікті арттыру мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында қатысушылар 2025–2026 жылдарға арналған ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ана өлімін азайту және әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге медициналық көмекті жетілдіруге бағытталған Кешенді жоспарының жүзеге асырылу барысын талқылады.
Жоспардың негізгі бағыттары: медициналық көмекті ұйымдастыруды жетілдіру, кадрлық және техникалық әлеуетті күшейту, цифрлық шешімдер мен телемедицинаны енгізу, сондай-ақ өңіраралық үйлестіруді дамыту қаралды.
Сондай-ақ қатысушылар №3 перинаталдық орталықтың құрылымдық бөлімшелерінің, соның ішінде ситуациялық орталықтың, телемедицина блогының, неонаталдық және консультациялық-диагностикалық бөлімшелердің жұмысымен танысты.
Кейін Түркістан облысы әкімдігінде Ержан Нұрлыбаевтың төрағалығымен ана мен баланың денсаулығын сақтау мәселелері жөніндегі Республикалық үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Оған облыс әкімдігінің, денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мен босандыру қызметінің мамандары қатысты.