ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ СКРИНИНГТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУҒА ЖҮЙЕЛІ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗУДЕ

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ СКРИНИНГТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУҒА ЖҮЙЕЛІ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗУДЕ

 

Шымкент қаласында өткен Денсаулық сақтау министрлігінің көшпелі алқа отырысында инфекциялық емес аурулардан (ИЕА) болатын өлімді төмендетуге бағытталған негізгі шараларды, оның ішінде ерте анықтау, профилактика және тиімді емдеу бойынша жүйелі тәсілдерді талқыладық.

«ИЕА даму қаупінің артуына негізінен дұрыс тамақтанбау, физикалық белсенділіктің төмендігі (72%), темекі тұтыну (21%) және алкоголь қолдану себеп болуда. Қан қысымы жоғары 1,7 миллионнан астам адам динамикалық бақылауда тұр, жыл сайын шамамен 6 мың ересек және 3 мың балада семіздік анықталады»-, деп атап көрсетті вице-министр Ержан Нұрлыбаев.
Қанайналым жүйесінің аурулары, онкологиялық сырқаттар, тыныс алу және ас қорыту жүйесі аурулары азаматтардың өлімі құрылымындағы негізгі себептерге айналды.

2018–2024 жылдар аралығында бірқатар аурулардан болатын өлім көрсеткіші төмендегенімен, мысалы, қатерлі ісіктен қайтыс болғандардың үлесі 11,6%-ға азайған, алайда еңбекке қабілетті жастағы адамдар (52%) мен репродуктивтік жастағы әйелдердің (10%) арасындағы өлім статистикасы әлі де алаңдаушылық тудырып отыр.

Е.Нұрлыбаев медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде профилактикалық жұмыстардың тиімділігінің төмендігіне байланысты жүйелі мәселелерді шешу қажеттігіне назар аударды. Бұл, ең алдымен, скрининг жүргізу кезінде диагностикалық сезімталдықтың төмендігі мен нысаналы топты қамту деңгейінің жеткіліксіздігіне қатысты.

Оның айтуынша, нысаналы топ арасында артериялық гипертензияны анықтау деңгейі – 6%, қант диабеті – 1,3%, сүт безі обыры – 20%, ал колоректалдық обыр – небәрі 0,9%-ды құрайды. Скрининг нәтижелері жағдайды болжау және жақсарту шараларын жоспарлау үшін пайдаланылмайды.

Мұның салдары ретінде қант диабетімен байланысты асқынулардың өсуі, бауыр циррозынан және қанайналым жүйесінің ауруларынан болатын өлімнің жоғарылауы орын алуда.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі скринингтік бағдарламаларды іске асыруда бірқатар жүйелі өзгерістерді қолға алды.

Онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтау мақсатында скрининг орталықтары медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде жұмыс істейді, ал қосымша зерттеп-қарау және түпкілікті диагноз қою онкологиялық орталықтарда орталықтандырылған түрде жүзеге асырылады. Бұл онкологияның асқынып, кеш кезеңге дейін жетуіне жол бермеді. Ісікке күдік туындаған сәттен бастап, стационарлық емге дейін науқасты бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.

Әйелдер арасындағы онкологияны төмендету мақсатында 35–55 жас аралығындағы топқа ЖПВ-ға (адам папиллома вирусына) арналған заманауи скринингтік тесттер енгізу жоспарлануда. Басқа обыр түрлерін ерте диагностикалау үшін: сандық гемокульт-тест, эндоскопиялық және виртуалды колоноскопия, өкпе обырына скрининг енгізу, сондай-ақ асқазан обырын ерте анықтау бағдарламасы әзірленді.

Бұған дейін хабарланғандай, В және С гепатиттеріне жаппай скрининг жүргізу, кейіннен анықталған пациенттерді динамикалық бақылау және емдеу вирустық гепатитті — бауыр циррозы мен обырдың негізгі себебін — жоюға әкелуі тиіс. Сонымен қатар, екінші жартыжылдықтан бастап ер адамдар арасында инсульт пен инфаркттің алдын алу үшін мидың бұзылыстарын ерте анықтауға бағытталған скрининг басталады.

ЖЕА өсуіне ықпал ететін жүріс-тұрысқа байланысты қауіп факторлары: дұрыс емес тамақтану, темекі шегу, қозғалыс аздығы ерекше мәселе ретінде қарастырылып отыр. Бұл факторлар саламатты өмір салты (СӨС) тақырыбын білім беру жүйесіне кіріктіруді және салалар арасындағы ынтымақтастықты күшейтуді талап етеді.

Скрининг пен ЖЕА ерте диагностикасының сапасын арттыруға бағытталған кешенді шаралар күрделі жағдайлар, шұғыл ауруханаға жатқызу, қымбат инвазивті араласулар санын азайтуға, сол арқылы денсаулық сақтау бюджетінің шығын жүктемесін төмендетуге мүмкіндік береді.