Бүгін Шымкент қаласында өткен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің көшпелі алқа отырысында Шымкент қаласының 2029 жылға дейінгі денсаулық сақтауды дамыту бағдарламасы мақұлданды.
Бұл — республикада алғаш рет әзірленген осындай ауқымды құжат. Ол ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының бірлескен жұмысының нәтижесінде дайындалған. Бағдарлама еліміздің ең ірі мегаполистерінің бірі тұрғындарының денсаулығын нығайтуға бағытталған.
Бағдарламаның басты мақсаты — барлық деңгейде білікті мамандардың қатысуымен және мейіргерлік практиканы кеңейте отырып, сапалы, уақтылы және тиімді медициналық көмекті қолжетімді ету.
Бағдарлама алты негізгі бағытты қамтиды:
1. Салауатты өмір салтын қалыптастыру және аурулардың профилактикасы;
2. Медициналық көмекті ұйымдастыруды жетілдіру;
3. Санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті арттыру;
4. Медициналық білім беру мен ғылымды дамыту;
5. Дәрілік қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру;
6. Денсаулық сақтау саласын орнықты қаржыландырумен қамтамасыз ету.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асыловтың айтуынша, бағдарламаның шеңберінде медициналық жабдықтарды жаңғырту, заманауи клиникалар салу, оның ішінде МӘЖ шеңберінде жаңа перинаталдық орталық, 2 көпбейінді аурухана, 5 емхана салу жоспарланған.
Инфекциялық емес ауруларды ерте диагностикалау мен олардың профилактикасына, скринингтерді енгізуге, салауатты өмір салты бойынша білім беру бағдарламаларын іске асыруға және COSI, HBSC, GATS сынды жаһандық зерттеулерді жүргізуге ерекше назар аударылатын болады.
Бағдарламаны жүзеге асыру барысында барлық жоспарланған мектептерде (87) стоматологиялық кабинеттер ашылады, әйелдердің жүктілікке дейінгі дайындық жұмыстары күшейтіледі. Бұл жүктілік кезіндегі асқынулар мен күрделі жағдайларды азайтып, әйелдерді контрацепция құралдарымен қамтамасыз етуді арттырады.
Пациенттердің маршруттарын реттеу мақсатында 12 бейін бойынша 31 құзыреттілік орталығы, 2 скрининг орталығы, 2 амбулаториялық онкологиялық көмек көрсету орталығы ашылады. Сондай-ақ, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының жанынан ситуациялық орталық құрылды.
Алқаның барысында Шымкент қаласының әкімдігі елдегі жетекші ғылыми-зерттеу институттарымен және ғылыми орталықтармен ынтымақтастық туралы бірқатар келісімдерге қол қойды. Бұл жоғары технологияларды енгізуге, күрделі хирургиялық операцияларды жүргізуге және медициналық туризмді дамытуға мүмкіндік береді.
Бағдарламада Шымкент қаласының 2026 жылдың бірінші тоқсанында ДДҰ-ның «Салауатты қалалар» еуропалық желісіне қосылуы жоспарланып отыр. Бұл жоба отыз жылдан астам уақыт бойы 30-дан астам елдегі 100-ден аса қаланы қолдап келе жатқан бірегей алаң.
Бағдарламаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік және жеке инвестициялар біріктіріледі. 2025–2029 жылдарға арналған жалпы күрделі инвестицияның көлемі шамамен 600 млрд теңгені құрайды, оның ішінде:
• жергілікті бюджеттен – 125 млрд теңгеден астам;
• республикалық бюджеттен – 245 млрд теңгеден астам;
• жеке инвестициялар – шамамен 172 млрд теңге.
Бұл Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде өмір сүру ұзақтығын 79,1 жасқа дейін ұлғайту; халықтың салауатты өмір салтын ұстану деңгейін 60%-ға дейін жеткізу; халықтың медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттану деңгейін 80%-ға дейін арттыру; сондай-ақ, қаланың денсаулық көрсеткіштерін айтарлықтай жақсарту көзделіп отыр.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі еліміздің әрбір өңірінде пациентке бағытталған, орнықты денсаулық сақтау жүйесін құру және жүйелі реформаларды жүргізу ұстанымын ерекше атап өтті.