ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

 

Жұмыс сапары барысында ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке қабылдап, кейін журналистерге арналған брифингте сұрақтарға жауап берді.


Кездесу барысында Тимур Сұлтанғазиев азаматтардың медициналық көмекті ұйымдастыру, дәрілік заттардың қолжетімділігі, емханалар мен ауруханалардың жұмысы жөніндегі өтініштері мен сұрақтарын тыңдады.


Сондай-ақ ол қала басшылығы өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, денсаулық сақтауды дамытудың жеке тұжырымдамасын әзірлегенін хабарлады. Тұжырымдама шеңберінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Денсаулықты нығайтатын мектептер», «Салауатты университеттер», «Салауатты қалалар», «Салауатты жұмыс орындары» сынды жобаларын белсенді енгізу көзделген.

«Тұжырымдаманың шеңберінде жоспарланған барлық мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашылады, әйелдерді жүктілікке даярлау жұмыстары күшейтіледі, бұл жүктілік кезіндегі асқынулар мен ауыр жағдайларды азайтуға мүмкіндік береді, әйелдерді контрацепция құралдарымен қамтамасыз ету де артады. Сонымен қатар, 12 бейін бойынша 31 құзыреттілік орталығы, 2 скринингтік орталық және 2 амбулаторлық онкологиялық көмек орталығы ашылады», — деді денсаулық сақтау бірінші вице-министрі.


Мейіргерлердің кеңейтілген практикасы бойынша оқыту сапасын арттыру үшін Шымкенттегі жоғары медициналық колледж заманауи виртуалдық симуляциялық жабдықтармен, жаттықтыру кешендерімен және интерактивтік жүйелермен жабдықталады.


Сондай-ақ тұжырымдама 2029 жылға қарай өңірдегі күтілетін өмір сүру ұзақтығын 79,1 жасқа дейін, салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың үлесін 60%-ға дейін, ал медициналық қызметтің сапасына қанағаттану деңгейін 80%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.


Журналистермен сөйлесу барысында Тимур Сұлтанғазиев өңір денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістерге тоқталды.


2024 жылдың қорытындысы бойынша жалпы өлім көрсеткіші 9%-ға, қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім 2,4%-ға, туберкулезден болатын өлім 77%-ға, жарақаттан болатын өлім 13%-ға төмендеген.
Ал аналар өлімі тіркелмеген, нәресте өлімі 32%-ға азайған.


Агломерацияны дамыту және инфрақұрылымды жаңғырту шеңберінде 2025–2029 жылдары Шымкент қаласында 30 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отыр.


Сонымен қатар, МЖӘ жобаларын іске асыруға дайындық жүргізілуде: 900 орындық көпбейінді университеттік клиника, ауысымына 700 қабылдауға есептелген клиникалық-диагностикалық орталық.
Бірінші вице-министр қала тұрғындарының әрбір сұрағына жеке-жеке түсініктеме беріп, халықтың пікірлері мен ұсыныстары ескерілетінін, ал қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштердің бақылауға алынғанын атап өтті.