Өткен жылдың қорытындысы бойынша республикадағы отандық фармацевтикалық өнім өндірісінің көлемі 21,8%-ға өсіп, 171,6 млрд теңгені құрады. Бұл – фармацевтикалық алпауыттардың жобаларын отандық кәсіпорындар базасында жергіліктендіру бойынша Министрлік жүргізіп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Инвестициялық тартымдылықты арттыру және ашық реттеушілік ортаны қалыптастыру шеңберінде фармацевтика саласына тартылған инвестиция көлемі 91,3 млн АҚШ долларынан асты, бұл 2023 жылғы көрсеткішпен (46,9 млн доллар) салыстырғанда екі есеге жоғары. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі Қазақстан-Франция инвестициялық форумында мәлімдеді.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, жетекші фармацевтикалық компаниялардың және Қазақстан мен Францияның медицина университеттерінің өкілдері қатысты.
Форумның шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі мен Францияның жетекші фармацевтикалық компанияларының арасында, сондай-ақ екі ел университеттерінің арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар мен келісімдерге қол қойылды.
Форумда Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы инвестициялық саясатының негізгі бағыттары таныстырылды. 2024 жылы осы саладағы негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі рекордтық $920 млн-ға жетіп, оның $330 млн-ын жеке инвестициялар құрады.
Инвестициялық ахуалды жақсартуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазақстан шетелдік инвесторларға кең көлемді қолдау шараларын – салықтық және кедендік жеңілдіктерді, жобаларды Kazakh Invest арқылы сүйемелдеуді және мемлекеттік қорғау кепілдіктерін ұсынады.
Қолайлы инвестициялық климатты қалыптастыру үшін Министрлік ұзақ мерзімді шарттар жасасу тәртібін қайта қарау жұмысын жүргізіп жатыр. Бұған дейін номенклатура жобасы өндірушілердің бастамасы бойынша қалыптасқан болса, енді бұдан кейін осы құқық белгілі бір ДЗ-ға, оның ішінде әлеуметтік мәні бар ДЗ-ға қалыптасқан нақты қажеттіліктің негізінде тек уәкілетті органға тиесілі болады.
Сонымен қатар жергіліктендіруге қойылатын талаптар күшейтіліп, түпнұсқа препараттар өндірісі ынталандырылуда, іскерлік қоғамдастықтың ұсыныстарын ескере отырып, нормативтік-құқықтық базаны қайта қарау жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Келісімшарттық өндіріс шеңберінде Pfizer, Hoffmann-La Roche және AstraZeneca секілді халықаралық фармацевтикалық компаниялармен бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда жалпы құны шамамен 30 млрд теңге болатын жобалар шеңберінде төрт түпнұсқалық препарат Қазақстанда жергіліктендірілді.
«Біз үшін инвестицияның көлемі ғана емес, оның сапасы, тұрақтылығы мен инновациялық сипаты маңызды. Қазақстан медициналық инновациялар мен медициналық қызметтер экспорты бойынша өңірлік хабқа айналуды көздейді. Біз ұсыныстарға ашықпыз, алғашқы келіссөздерден бастап нақты келісімдерге дейін барлық деңгейде диалог жүргізуге дайынбыз», — деді форум барысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.