ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ COVID-19 ЖАҒДАЙЛАРЫНЫҢ 3,4 ЕСЕГЕ АЗАЙҒАНЫН ТІРКЕДІ

ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ COVID-19 ЖАҒДАЙЛАРЫНЫҢ 3,4 ЕСЕГЕ АЗАЙҒАНЫН ТІРКЕДІ

 

Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, деп хабарлайды Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.

Денсаулық сақтау министрлігі елдегі сырқаттанушылық пен әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға апта сайынғы мониторинг жүргізуді жалғастыруда.

Жыл басынан бері COVID-19-дың 362 жағдайы тіркелді. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық деңгейі 3,4 есеге төмендеген, өлім жағдайы тіркелген жоқ. Ауру жеңіл түрде өтіп жатыр, пациенттер амбулаториялық жағдайда ем қабылдауда.

Қазақстанда вирустың айналымы мен оның әртүрлі нұсқаларына тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі.

Жүргізілген зертханалық бақылау нәтижелері бойынша биылғы жылы Қазақстанда анықталған барлық 100% жағдайларда Омикрон нұсқасы айналымда болды. Атап айтқанда, JN.1 қосалқы түрі және оның LF.7.1.3, LP.8.1, LF.7.6 және KP.3.1.1 тармақтары анықталған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметінше, сәуір мен мамыр айлары аралығында әлем бойынша 23 164 расталған жағдай тіркелген. Әлемде Омикронның LP.8.1, JN.1, NB.1.8.1 және басқа да нұсқалары айналымда болуы жалғасуда.