ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте саланың цифрландырылуы туралы айтып берді.
Биыл Қазақстанда қант диабеті, гипертония және жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттердің жай-күйін бақылауға арналған автоматтандырылған жүйе іске қосылады.
Жүйе емханалардан деректерді қабылдап, бақылау карталарын жасайды, бұрын бұл жұмыс қолмен атқарылатын.
Пациенттерді цифрлық сәйкестендіру енгізілуде. Бұл құрал көрсетілген медициналық қызметтер туралы жалған жазбаларды болдырмауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 1800-ден астам медициналық ұйым жүйемен жұмыс істеуде, 66 миллионнан астам қабылдау, соның ішінде 26 миллионы — цифрлық сәйкестендіру арқылы жүргізілген. Бұл жалпы көлемнің 39%-ын құрайды.
Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша көрсетілген қызметтердің көлемі 5,6%-ға төмендегені байқалды.
Цифрлық технологиялар медицина қызметкерлеріне түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Бұрын дәрігерлер бірнеше ақпараттық жүйені қолданып, бір деректі бірнеше рет енгізуге мәжбүр болатын. Ақпараттық жүйелерді біріктіру және жетілдіру нәтижесінде дәрігерлерге түсетін жүктеме 40%-ға қысқартылды, ал 2025 жылы бұл көрсеткішті 50%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, медициналық анықтамаларды цифрландыруда елеулі ілгерілеу байқалады. Мысалы, 073/е (көлік жүргізуге), 075/е (медициналық қарап-тексеру туралы), баланың денсаулық паспорты және ДКК қорытындысы сияқты анықтамалар енді электрондық форматта қолжетімді. Бұл құжаттарды алу үшін енді емханаға барудың қажеті жоқ.