ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН БАЛАЛАР ОБЫРЫ БОЙЫНША ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ ХАБ ҚҰРУ ЖӨНІНДЕ КЕЛІСІМГЕ КЕЛДІ

ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН БАЛАЛАР ОБЫРЫ БОЙЫНША ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ ХАБ ҚҰРУ ЖӨНІНДЕ КЕЛІСІМГЕ КЕЛДІ

 

Ташкентте өткен «Балалар үшін диалог: Орталық Азия және ЮНИСЕФ» атты жоғары деңгейдегі конференция шеңберінде Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрі Асилбек Худаяровтың екіжақты кездесуі өтті.

Тараптар денсаулық сақтау саласындағы басым бағыттарды, оның ішінде медициналық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын, медициналық көмек көрсету тәжірибесімен алмасу, медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша елдер коалициясы шеңберіндегі ынтымақтастық пен Арал өңірі халқының денсаулығына әсер ететін экологиялық факторларды кешенді зерттеу мәселелерін талқылады.


Кездесу барысында балалар денсаулығын сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстан балалар онкологиясы бойынша Халықаралық академиялық хаб құруды ұсынып, бұл бастаманы іске асыруға белсенді қатысуға дайын екенін білдірді.

«Қазақстанда онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің жоғары технологиялық инновациялық әдістері: иммуногистохимия, иммунофенотиптеу, арнайы онкомаркерлерді анықтау, сүйек пен жұмсақ тін саркомалары кезінде жоғары дозалы химиотерапия, сүйек саркомалары кезінде ағзаны сақтап қалатын хирургиялық әдістер кеңінен енгізілуде. Биыл қазан айында Астанадағы Ұлттық онкология орталығының базасында жылына 800-ден астам адамды қабылдай алатын Протондық терапия орталығы іске қосылады. Сонымен қатар Орталық Азия елдерінің балаларына радиойодтерапия жүргізу жоспарланып отыр», — деді министр.


Сонымен бірге, Ақмарал Әлназарова Ұлттық ғылыми онкология орталығының базасында ересектер онкологиясы мен онкогематологиясы бойынша және UMC Жүрек орталығының базасында балалар кардиохирургиясы бойынша Халықаралық хаб құруды ұсынды. Бұл хаб Қарақалпақстан балаларына да медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Министрдің айтуынша, Қазақстандағы бірқатар медициналық бағыттар қазірдің өзінде халықаралық деңгейде табысты бәсекеге қабілетті. Ел стационарларында заманауи халықаралық стандарттарға сай технологиялар белсенді енгізілуде, бұл халықты жоғары технологиялық медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


Кездесу қорытындысы бойынша 2025 жылы Өзбекстанда Қазақстан медицинасы күндерін, ал 2026 жылы Қазақстанда Өзбекстан медицинасы күндерін өткізу туралы келісімге қол жеткізілді. Сонымен қатар, тараптар денсаулық сақтау саласында халықаралық хаб құру туралы уағдаластық жасады.