Қазақстанда көздің мөлдір қабығын трансплантаттау немесе кератопластика жүргізу үшін меншік нысанына қарамастан медициналық ұйымдардың тізімі кеңейтіледі. Бұл шешім жоғары технологиялы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, мұқтаж жандарға ел аумағында уақтылы ем алуға мүмкіндік береді.
Бүгін Мәжілістің екінші оқылымында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң жобасының шеңберінде тиісті норма мақұлданды. Бұған дейін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне сәйкес мұндай операцияларды тек мемлекеттік клиникаларда жүргізуге ғана рұқсат етілген болатын.
Қазіргі таңда Қазақстанда 2500-ден астам азамат медициналық көрсетілімдер бойынша мөлдір қабықты ауыстыруға мұқтаж, бірақ ел ішінде бұл қызметті ала алмай отыр. Бүгінгі таңда Асфендияров атындағы ҚазҰМУ офтальмологиялық орталығының базасында орындалатын операциялар саны тым жеткіліксіз, сондықтан арнайы даярлықтан өткен мамандары мен заманауи диагностика және операциялық жабдықтары бар медициналық ұйымдар тізімін кеңейту қажеттілігі туындап отыр.
Ресей, Украина, Грузия, Өзбекстан және Беларусь сынды көршілес елдердің тәжірибесіне сүйенсек, біздің азаматтарға мөлдір қабықты трансплантаттау бойынша операциялар медициналық туризм шеңберінде көрсетілуде, бұл өз кезегінде мұқтаж науқастар мен олардың отбасыларына үлкен материалдық ауыртпалық түсіріп, медициналық көмектің, әсіресе балалар үшін, қолжетімділігін шектейді.
Әлемде жыл сайын шамамен 180 мың мөлдір қабықты ауыстыру операциясы жүргізілсе, соның тек 42 мың трансплантаттауы АҚШ-тың үлесіне тиеді. Қазақстанда бұл көрсеткіш жылына шамамен 200 операцияны құрайды.