Меню
Страницы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Комитеттер
Министрлік туралы
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Институт туралы
Байланыс ақпараты
Все материалы
14 апреля 2026
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР ҚАЗАҚСТАННЫҢ НЕОНАТАЛДЫҚ КӨМЕК САЛАСЫНДАҒЫ ІЛГЕРІЛЕУІН АТАП ӨТТІ

2026 жылғы наурызда жарияланған Дүниежүзілік банк тобының ДДҰ, ЮНИСЕФ, БҰҰ, IGME ұйымдарымен бірлесіп дайындаған есебіне сәйкес Қазақстанда неонаталдық өлім-жітім деңгейі (өмірінің алғашқы 28 күні) 1000 тірі туғанға шаққанда 3,9-ды құрады.

Бұл 2025 жылдың қорытындысы бойынша Орталық Азиядағы ең төменгі көрсеткіш. Дамыған елдермен салыстырғанда Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша АҚШ-пен іс жүзінде теңесті, онда бұл деңгей 3,7-ні құрайды.

Қазақстан неонаталдық көмекті дамытуда және жаңа туған нәрестелерді, соның ішінде дене салмағы өте төмен балаларды күтіп-баптауда елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Бүгінде елде салмағы 500 грамнан бастап нәрестелер республикалық орталықтарда да, өңірлік перинаталдық орталықтарда да сәтті күтімге алынады.

Заманауи перинаталдық технологияларды енгізу мен мамандардың жоғары біліктілігінің арқасында мұндай балалардың өмір сүру көрсеткіші төрт есеге артты — бұл Орталық Азиядағы үздік нәтижелердің бірі.

Жыл сайын Қазақстанда шамамен 20–22 мың шала туған нәресте дүниеге келеді — бұл жалпы босанулар санының шамамен 5%-ын құрайды. Сонымен қатар, акушерлік және неонатологиялық қызметтердің жүйелі дамуы өлім-жітімнің тұрақты төмендеуіне мүмкіндік берді:
* нәрестелер өлім-жітімі 10 жылдың ішінде 1,5 есеге азайды
* неонаталдық өлім-жітім — 2 есеге төмендеді
* бүгінгі күні көрсеткіш тарихи минимумға жетті — 1000 тірі туғанға шаққанда 3,1.

Шала туған нәрестелерді күтіп-баптау — тәулік бойы жүргізілетін күрделі жұмыс. Ағзалардың жетілмеуіне байланысты мұндай жаңа туған нәрестелер тұрақты бақылауды қажет етеді, ал медицина қызметкерлері күн сайын 20-дан астам өмірлік маңызды емшараларды орындайды. Бұл нәтижелер — жоғары білікті әрі арнайы дайындықтан өткен неонатологтар мен мейіргерлердің үйлесімді еңбегінің жемісі.

Балалардың денсаулығын өмірінің алғашқы күндерінен бастап бақылауға ерекше көңіл бөлінеді. Елде скринингтің төрт түрі енгізілген:
* неонаталдық
* аудиологиялық
* офтальмологиялық
* даму скринингі

Балаларды стационардан шыққаннан кейін де бақылауға алып, ықтимал бұзылыстарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік беретін катамнез бағдарламалары дамытылуда.

Қазақстанда халықаралық ұйымдар ұсынған қауіпсіз ана болу қағидаттары мен озық перинаталдық технологиялар жүйелі түрде енгізілуде. Жаңа туған нәрестелерді реанимациялау және қарқынды терапия қызметтері күшейтіліп, мамандар елімізде де, шетелде де тұрақты түрде оқытылуда.

Алдағы даму шеңберінде неонаталдық көмекті ұйымдастыру стандарты бекітіліп, оның басты басымдығы — әрбір баланың өмірін сақтау болып айқындалды.

Сонымен қатар, мерзімінен бұрын босанулар санын азайту, репродуктивтік денсаулықты нығайту және инфекциялардың профилактикасы негізгі міндеттер болып қала береді.

13 апреля 2026
2026 ЖЫЛДЫҢ БАСЫНАН БЕРІ ҚАЗАҚСТАНДА ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАЛАРДА 22 БЕЙІНДІ БӨЛІМШЕ АШЫЛДЫ

Жіті тапшылық байқалатын терапиялық бағыттар бойынша медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда облыстық ауруханаларды ауқымды жаңғырту басталды. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша 11 өңірде 22 бейінді бөлімше ашылып, онда шамамен 400 пациент ем қабылдады.

Министрлік пен өңірлік денсаулық сақтау басқармалары бірлесіп бастаған жаңғыртудың негізгі мақсаты – төсек қорын сұранысқа ие бейіндерге қайта бейімдеу арқылы өңірлерде медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру.

Бүгінде республика бойынша 36 көпбейінді облыстық аурухана (ересектер мен балаларға арналған) жұмыс істейді, олардың базасында бейінді терапиялық бөлімшелер ашу көзделген.

2026–2027 жылдары еліміздің барлық өңірлерінде кезең-кезеңімен 49 бөлімше ашылып, 2700 төсек-орын орналастырылады, оның ішінде 302-сі балаларға арналған. Бұл кардиология, гастроэнтерология, пульмонология, эндокринология, ревматология, нефрология, гематология, оториноларингология, офтальмология, аллергология және басқа да сұранысқа ие бағыттарды қамтиды.

2026 жылы 800-ден астам төсек ашу жоспарланған. Бірінші тоқсанның өзінде 11 өңірде 361 төсек-орынға арналған 22 бейінді бөлімше іске қосылды.

Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бірқатар негізгі бағыттар бойынша тарифтер арттырылды (гастроэнтерология, нефрология, абдоминалдық хирургия, жұқпалы аурулар, кардиология, неврология, пульмонология, эндокринология).

Күрделі терапиялық жағдайларда медициналық көмек көрсету үшін 27 құзырет орталығы ашылды.
17 симуляциялық орталық іске қосылуда, онда орта буын медицина қызметкерлері мен дәрігерлерді тұрақты негізде оқыту және біліктілігін арттыру жүргізіледі.

Жаңа форматтағы 19 телемедицина орталығының жұмысы облыстық ауруханаларға ауылдық денсаулық сақтау ұйымдарына практикалық және консультативтік көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, кадрлық әлеуетті дамыту бойынша шаралар қабылданды. Атап айтқанда, резидентура бағдарламалары, сертификаттау курстары, ПІБ модульдік бағдарламалары арқылы біліктілікті арттыру және жас дәрігерлерді тарту жүзеге асырылуда.

Жыл басынан бері Президент Іс басқармасы ауруханасының базасында (денсаулық сақтау менеджменті, госпитальдық фармация, ауруханаішілік инфекциялар және т.б.) модульдік бағдарламалар бойынша 80-нен астам маман оқытылды.

Жобаны іске асыру медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, оның ішінде ауыл халқы үшін, мүгедектік пен өлім деңгейін төмендетуге, сондай-ақ қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығын ұлғайтуға ықпал етеді.

13 апреля 2026
ҚАЗАҚСТАН БАКУ ҚАЛАСЫНДА ӨТІП ЖАТҚАН ТҮРКІ ТІЛДЕС ЕЛДЕР НЕФРОЛОГТАРЫНЫҢ I КОНГРЕСІНЕ ҚАТЫСУДА

Осы күндері Баку қаласында Түркі тілдес елдер федерациясының нефрологтарының I Конгресі өтуде. Аталған іс-шараға Қазақстаннан ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс нефрологы, профессор Салтанат Туғанбекованың жетекшілігімен нефролог дәрігерлер мен экстракорпоралдық гемокоррекция мамандарынан құралған делегация қатысуда.

Форумның жұмысына Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Түркия, Қырғызстан және басқа да елдердің өкілдері қатысуда.

Созылмалы бүйрек ауруы — денсаулық сақтау саласындағы жаһандық сын-қатер
Созылмалы бүйрек ауруы (СБА) денсаулық сақтау саласындағы ең өзекті проблемалардың бірі болып қала беруде. Сараптамалық бағалауларға сәйкес әлемде әрбір оныншы адам осы дертке шалдыққан.

СБА жүрек-қантамырлық асқынулар қаупін айтарлықтай арттырады, өмір сапасын төмендетеді және терминалдық бүйрек жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда диализ немесе бүйрек трансплантациясы өмір үшін аса қажет.

Қазақстандағы жағдай: мыңдаған пациент емдеуді қажет етеді
Қазіргі уақытта Қазақстанда СБА-ның әртүрлі сатысымен шамамен 26 900 пациент анықталған. Ересек халықтың арасында аурудың таралуы 13%-дан асады (2,5 миллионнан астам адам).

14 000-нан астам пациент гемодиализ алады (158 амбулаториялық диализ орталығы жұмыс істейді), ал 2 500-ден астам адам бүйректі трансплантаттауынан кейін өмір сүруде.

Қоршаған ортаның қазіргі өзгерістері сырқаттанушылықтың артуына қосымша әсер етуде. Ауа ластануы, жылу стресі, сусыздану және экстремалды ауа райы жағдайлары СБА-ның дамуы мен үдеуіне ықпал етеді.

Конгрестің негізгі міндеттерінің бірі — мамандардың арасында тәжірибе алмасу, профилактикалық шараларды дамыту, диагностика мен емдеу әдістерін жетілдіру, сондай-ақ жаңа технологиялар мен медициналық шешімдерді енгізу.

Іс-шара шеңберінде Түркі тілдес елдер нефрологтарының Жоғары сараптамалық кеңесі құрылып, оның құрамына профессор С.К. Туғанбекова сайланды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс нефрологы құттықтау сөз сөйлеп, елдердің арасындағы кәсіби өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Конгресс қорытындысы бойынша созылмалы бүйрек ауруы бар пациенттерді диагностикалау және емдеу тәсілдерін жаңарту, сондай-ақ Қазақстандағы нефрологиялық қызметті одан әрі дамыту жоспарлануда.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі бүйрек аурулары бар пациенттерге медициналық көмектің сапасын арттыру және заманауи халықаралық практикаларды енгізу жұмыстарын жалғастырады.

10 апреля 2026
АЛМАТЫДА ӨТКЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ЖАСТАР ДЕНСАУЛЫҒЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША САРАПШЫЛАРДЫ БІРІКТІРДІ

2026 жылғы 8–9 сәуір күндері Алматы қаласында «Жасөспірімдер мен жастардың репродуктивтік денсаулығы» атты V мерейтойлық халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шара «Қазақстанның жыныстық және репродуктивтік денсаулық қауымдастығы (ҚМПА)» қоғамдық бірлестігі тарапынан ұйымның 30 жылдығы шеңберінде ұйымдастырылды.

Конференцияны ашқан Нұртөре Жүсіп жастардың репродуктивтік денсаулығы мәселелері елдің демографиялық болашағы мен адами капитал сапасымен тікелей байланысты екенін атап өтті.

Қатысушылар жасөспірімдер денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын талқылады. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бастамалары, сондай-ақ ерте жүктіліктің, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың профилактикасы және салауатты мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру мәселелері қарастырылды.

ЮНФПА деректері бойынша 15–19 жас аралығындағы қыздардың шамамен 3%-ы жоспарланбаған жүктілікке тап болады, ал жасөспірімдердің 60%-дан астамының өз денсаулығын сақтау туралы жеткілікті білімі жоқ.

Сарапшылар, оның ішінде Тамара Джусубалиева мен Галина Гребенникова кешенді тәсілдің, ағартушылық жұмысты дамытудың және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

Конференцияға мемлекеттік органдардың, медицина және білім беру саласының өкілдері, сондай-ақ жастар қатысты, жастар үшін арнайы оқыту сессиялары ұйымдастырылды.

10 апреля 2026
ҚАЗАҚСТАНДА ДӘРІГЕРЛЕРДІ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ЕКІ ЕСЕГЕ АРТТЫ
2025 жылы Қазақстанда ауылдық жерлерде аса тапшы мамандықтар бойынша жұмысқа орналасқан дәрігерлерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау көлемі екі есеге – 2,2 млрд теңгеден 4,5 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.
 
Сонымен қатар, шамамен 24 мың медицина қызметкері республикалық және жергілікті бюджеттердің  есебінен біліктілігін арттырды.
 
«Медицина қызметкерлерін қолдау – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз әлеуметтік қорғау шараларын жүйелі түрде күшейтіп, дәрігерлеріміздің кәсіби өсуі мен өмір сапасын арттыруға жағдай жасаудамыз. Бүгінде жүргізілген жұмыстың нақты нәтижелері туралы айтуға болады. Дәрігер әлеуметтік тұрғыдан қорғалған, кәсіби даму мүмкіндіктерімен қамтамасыз етілген және өңірлерде жұмыс істеуге ынталандырылған модель қалыптасты. Біздің стратегиялық міндетіміз – дәрігер мамандығын елдегі ең беделді әрі әлеуметтік жағынан қорғалған кәсіптердің біріне айналдыру», – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
 
Осылайша, 2025 жылы 529 дәрігер шамамен 4,5 млрд теңге көлемінде әлеуметтік қолдау алды, ал 2024 жылы 254 дәрігерге 2,2 млрд теңге бөлінген болатын.
 
Бұдан бөлек, медицина қызметкерлері үшін қосымша әлеуметтік қолдау шаралары, оның ішінде:
•аудан орталығы болып табылатын ауылдық елді мекендерге келген мамандарға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 2500 АЕК, ал басқа ауылдық елді мекендерге – 2000 АЕК мөлшерінде бюджеттік кредит беру;
•ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келгендерге жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көтерме жәрдемақы төлеу;
•медицина қызметкерлерінің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдардан басым тәртіппен орын беру;
•қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан немесе мүгедектік алған медицина қызметкерлерінің балаларын жоғары оқу орындарына конкурстан тыс қабылдау;
•алынған медициналық мамандық бойынша әскери қызметтен өту немесе әскерге шақырудан кейінге қалдыру беру;
•көлік шығындарын өтеу;
•жергілікті мәслихаттар тарапынан кадрларды ынталандыру бойынша қосымша шаралар қабылдау, оның ішінде қосымша субсидиялар беру, байланыс қызметтерін төлеу, жалдау ақысы мен коммуналдық шығындарды ішінара өтеу көзделген.
 
2025 жылы 1760 дәрігер қызметтік тұрғын үймен (727 дәрігер), көтерме жәрдемақымен (1714 дәрігер), коммуналдық шығыстарды өтеумен және басқа да жеңілдіктермен (210 дәрігер) қамтылды, оның ішінде ауылдық жерлерге келген 1005 дәрігер бар.
 
Медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғауға бағытталған 2026–2028 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік жөніндегі салалық келісімге кәсіподақтар мен жұмыс берушілер қол қойды.
 
Мамандықтың беделін арттыру мақсатында «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы енгізілді, оған 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы ынталандыру төлемі қарастырылған. Сонымен қатар, «Мамандығы бойынша үздік» республикалық конкурсының жеңімпаздарына 500 АЕК көлемінде сыйақы белгіленген (2025 жылы оны 17 адам алды).
10 апреля 2026
АЛМАТЫДА САРАПШЫЛАР МЕТАБОЛИКАЛЫҚ БҰЗЫЛЫСТАРДЫ БІРТҰТАС МУЛЬТИЖҮЙЕЛІК ПРОБЛЕМА РЕТІНДЕ ТАЛҚЫЛАДЫ

Алматыда кардиология, эндокринология, гастроэнтерология, нефрология және сабақтас пәндер саласындағы жетекші мамандарды біріктірген «Ұлттық метаболикалық код 2026» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.

Сарапшылар метаболикалық денсаулыққа бірыңғай мультижүйелік проблема ретінде жаңа көзқарас қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Талқылау орталығында: метаболикалық синдром, семіздік, 2 типті қант диабеті, артериялық гипертензия және олардың жүрек-қантамыр және гастроэнтерологиялық ауруларға әсері болды.

Бағдарламада жетекші сарапшылардың қатысуымен пленарлық отырыстар, заманауи медицинаның негізгі бағыттары бойынша тақырыптық сессиялар, халықаралық фармацевтикалық компаниялардың сателлиттік симпозиумдары, клиникалық жағдайларды талқылау және практикалық тәсілдер қарастырылды.
Конференция қатысушылары алдында сөз сөйлеген С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов:
«Қазақстандағы әрбір үшінші-төртінші ересек адамның метаболикалық бұзылыс белгілері бар, әрі бұл патология жас адамдардың арасында да жиілеп келеді. Сонымен қатар, оң үрдістер де байқалады: профилактикалық тексерулермен қамту артып келеді, ерте анықтау алгоритмдері жетілдірілуде, медициналық көмектің алдын алу бағыты күшейіп отыр. Дәрігердің құзыреттілігіне, жүйелі ойлауына, салмақты шешім қабылдауына және пациентті барлық негізгі факторлардың бірлігінде қарастыру қабілетіне қойылатын талаптар артып келеді», – деді.

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев:
«Қазіргі таңда метаболикалық синдром нозологиялық анықтамалар шеңберінен шығып, жүрек-қантамыр, эндокриндік және гастроэнтерологиялық аурулардың негізгі қауіп факторларын біріктіретін бірыңғай патогенетикалық тұжырымдамаға айналды», – деп атап өтті.

«2021–2025 жылдары медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде жүзеге асырылған скринингтік бағдарламалардың деректеріне сәйкес скринингпен қамту 15–20%-ға артты, қауіп факторларын ерте кезеңде анықтау көрсеткіші өсті. Бұл бір жағынан аурулардың таралуының артқанын, екінші жағынан диагностика мен медициналық көмектің қолжетімділігінің жақсарғанын көрсетеді. Осыған байланысты Қазақстанда профилактикалық бағдарламаларды күшейту, гастроэнтерология, эндокринология, кардиология және нефрологияны интеграциялау, сондай-ақ қауіптерді бағалаудың цифрлық құралдарын енгізу басым бағыттар болып отыр», – деп атап өтті КІАҒЗИ басшысы.
Конференцияға сондай-ақ Францияның Бас консулы Максим Жеренже мен Франция елшілігінің денсаулық сақтау жөніндегі маманы Александра Тиркюир қатысып, артериялық гипертензия және кардиоваскулярлық профилактика жөніндегі мамандар қоғамы мен «Сервье Қазақстан» ЖШС арасында жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу және бақылау тиімділігін арттыруға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Конференция барысында кардиометаболикалық бұзылыстары бар пациенттерді жүргізудің заманауи стратегияларын енгізу және пәнаралық өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды.
Алғаш рет қатысушыларға кардиометаболикалық қауіптерді бағалау және түзету бойынша дербестендірілген ұсынымдары бар метаболикалық паспорт алу мүмкіндігі ұсынылды.
Ұйымдастырушылар: С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты, сондай-ақ бейінді кәсіби қауымдастықтар.

10 апреля 2026
КОНГО-ҚЫРЫМ ҚЫЗБАСЫ: ӨМІРДІ САҚТАЙТЫН ҚАРАПАЙЫМ ҚАҒИДАЛАР
Қазақстанның оңтүстік өңірлері Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының (бұдан әрі – КҚГҚ) табиғи ошақтары болып табылады. Бұл – адамға негізінен кененің шағуы арқылы немесе жұқтырған жануардың қанымен байланыс кезінде берілетін аса қауіпті вирустық ауру. Денсаулық сақтау министрлігі қарапайым профилактикалық шараларды сақтау жұқтырудың алдын алып, денсаулықты сақтауға көмектесетінін ескертеді.
 
КҚГҚ ауыр ағымымен және жоғары өлім деңгейімен сипатталады, ол медициналық көмек көрсетілгеннің өзінде 30%-ға дейін жетуі мүмкін.
Аурудың жасырын кезеңі 2 күннен 14 күнге дейін созылады. Ауру кенеттен басталып, дене қызуы 39–40 градусқа дейін көтеріледі, бас ауруы, қалтырау, бет пен шырышты қабықтардың қызаруы, әлсіздік, бұлшықет пен буындардың ауыруы, жүрек айну, құсу байқалады. 2–4 күннен кейін мұрыннан, қызыл иектен қан кету, денеде және шырышты қабықтарда, сондай-ақ инъекция орындарында қанталау пайда болады, ішкі ағзалардан қан кету болуы мүмкін.
 
Сауығып шыққаннан кейін иммунитет 2 жылдан 7 жылға дейін сақталады.
Қазіргі уақытта КҚГҚ-ға қарсы вакцина жоқ.
КҚГҚ табиғи ошақтары Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында орналасқан. Қазақстанда бұл аурумен сырқаттану жағдайлары жыл сайын тіркеледі.
 
Адамның жұқтыруы келесі жағдайларда болады:
•жұқтырған кененің тікелей шағуы кезінде;
- кенемен зақымданған ауыл шаруашылығы жануарларын күту кезінде (жануардан кенені алу және жаншу, қой қырқу, ірі және ұсақ малды сою және бөлшектеу барысында);
- КҚГҚ-мен ауырған адаммен (биологиялық сұйықтықтары арқылы) байланыс кезінде. 
 
Жұқтыру қаупі жоғары топтарға мыналар жатады:
- жануарларды күтумен айналысатын адамдар (шопандар, малшылар, сауыншылар, ветеринариялық қызметкерлер), сондай-ақ оларды сою немесе бөлшектеумен айналысатындар;
- эндемиялық аумақта жұқтырған кенемен байланысқа түскен кез келген тұлғалар;
- КҚГҚ-мен ауырған науқастың қаны және басқа да биологиялық сұйықтықтарымен қорғаныссыз байланыста болған медицина қызметкерлері.
 
КҚГҚ жұқтырмау үшін:
- табиғатқа шыққанда кенелерді үркітетін құралдарды (аэрозольді репелленттерді) пайдалану;
- киімге жабысқан кенелерді дер кезінде анықтау үшін өзін-өзі және бірін-бірі тексеру;
- ауыл шаруашылығы жануарларын қырқу және жүнін өңдеу жұмыстарын қорғаныш киіммен және қолғаппен орындау. Қорғаныш киім болмаған жағдайда, киімнің жоғарғы бөлігін шалбарға салып, шалбарды шұлықтың ішіне кіргізу;
- табиғи ошақтарда орналасқан мал мен қора-жайларға кенеге қарсы өңдеу жүргізу қажет.
Ауруды дер кезінде емдемеген жағдайда КҚГҚ өліммен аяқталуы мүмкін екенін ескере отырып, кене шаққан жағдайда дереу медициналық мекемеге жүгіну қажет! Кенені өз бетінше алып тастауға болмайды!
 
Денсаулық сақтау министрлігі  қарапайым қағидаларды сақтау және уақтылы медициналық көмекке жүгіну өзіңізді және жақындарыңызды тиімді қорғауға мүмкіндік беретінін атап көрсетеді.
09 апреля 2026
СОҢҒЫ ҮШ ЖЫЛДЫҢ ІШІНДЕ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР 70%-ДАН АСТАМҒА ТӨМЕНДЕДІ

Соңғы үш жылдың ішінде Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар 72,7%-ға азайды.
Қол жеткізілген нәтиже Денсаулық сақтау министрлігінің құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кешенді сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыруының арқасында мүмкін болды.

Ішкі бақылаудың заманауи құралдарын енгізуге және уәкілетті орган қызметінің ашықтығы мен есептілігін арттыруға бағытталған комплаенс-тәсілдерді дамытуға ерекше назар аударылуда.

Жүргізіліп жатқан жұмыс қазірдің өзінде оң нәтижелерін көрсетуде. Соңғы үш жылда денсаулық сақтау жүйесінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың төмендеуінің тұрақты үрдісі байқалады:

2023 жылы — 11 айыптау үкімі;
2024 жылы — 13 құқық бұзушылық;
2025 жылы — 3 дерек.

Осылайша, 2025 жылы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың саны 2024 жылмен салыстырғанда 76,9%-ға, ал 2023 жылмен салыстырғанда 72,7%-ға қысқарды. Бұл соңғы үш жылдың ішінде сыбайлас жемқорлық көріністерінің 70%-дан астамға төмендегенін көрсетеді.

Жүргізіліп жатқан жұмыстың шеңберінде Ұлттық ғылыми онкология орталығының базасында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдерінің арасында бірлескен кездесу өтті.

Іс-шара Денсаулық сақтау министрлігінің модерациясымен өтті. Спикерлер ретінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Б.Н. Балғабеков, департаменттің бас маманы А.К. Айтуева, сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық қауіпсіздік, жұмылдыру жұмыстары және мемлекеттік құпияларды қорғау департаментінің директоры Б.Ш. Бекбатыров сөз сөйледі.

Кездесу барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыру және адалдық қағидаттарын нығайту мәселелері қаралды.

Іс-шараның басты мақсаты — денсаулық сақтау жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру болды. Министрлік жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, туындайтын қауіптерге жедел әрекет етіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктерін жетілдіруде.

09 апреля 2026
ҚАЗАҚСТАНДА СОТТАЛҒАНДАРҒА МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІ ЖАҚСАРДЫ: ҚАЖ ЖҮЙЕСІНДЕ ӨЛІМ 5%-ҒА ТӨМЕНДЕДІ

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі (ҚАЖ) мекемелерінде ұсталатын азаматтардың денсаулық көрсеткіштерінде оң динамика байқалып отырғанын хабарлайды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша сотталғандардың арасындағы өлім 5%-ға төмендеді. Бұл нәтижеге медициналық инфрақұрылымды дамыту, профилактикалық іс-шараларды кеңейту және медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудың есебінен қол жеткізілді.

Профилактикалық қарап-тексерулермен және скринингтермен қамтуды кеңейту ауруларды анықтау деңгейін 28%-ға арттыруға мүмкіндік берді.

Ең жоғары өсім қанайналым жүйесінің аурулары мен қант диабетін қоса алғанда созылмалы инфекциялық емес аурулар бойынша тіркелді.

Маңызды бағыттардың бірі телемедицинаны енгізу болды. ҚАЖ-дың 17 мекемесінде арнайы телемедициналық жабдық орнатылып, қашықтан консультациялардың саны 5 есеге артты, сондай-ақ білікті медициналық көмектің қолжетімділігі жақсарды.

Сонымен қатар стационарлық көмектің қолжетімділігі артты — тәулік бойы және күндізгі стационарларға емдеуге жатқызу саны көбейді.

Сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету функциялары Ішкі істер министрлігінің жүйесінен Денсаулық сақтау министрлігінің қарауына берілген сәттен бастап инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді.

ҚАЖ-дың 78 мекемесінде (оның ішінде 62 дәрігерлік амбулатория және 16 медициналық пункт) медициналық көмек көрсету жағдайлары жақсартылды. Соның ішінде 55 нысанда (70%) ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың мәртебесі мен ұсталатын орнына қарамастан денсаулық сақтау құқығын қамтамасыз ету және сапалы, қолжетімді медициналық көмек көрсету бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.

09 апреля 2026
Өңірлерде донорлықты дамыту жұмыстары күшейтілуде: 4,6 мыңнан астам қазақстандық трансплантаттауды күтуде
Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантация және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығының қатысуымен ағза донорлығын дамыту мәселелері бойынша көшпелі кеңес өтті.
 
Мұндай кездесулер бұған дейін Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында өтіп, қазіргі уақытта бүкіл ел бойынша жалғасуда. Негізгі басымдық — трансплантаттау санын арттырудың негізгі ресурсы ретінде қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту.
 
Қазіргі таңда Қазақстанда 4,6 мыңнан астам адам ағза трансплантаттауын күтуде. Қажеттілік жыл сайын артып келеді: 2023 жылғы 3 961 пациенттен 2025 жылы 4 506 пациентке дейін өскен.
 
Сонымен қатар жүйе әлеуетті донорларды анықтау бойынша — 2023 жылғы 49 жағдайдан 2025 жылы 186 жағдайға дейін өсуді көрсетуде. Алайда негізгі көрсеткіш — туыстарының келісімі мен донорлық үдерістердің нақты жүзеге асырылуы болып отыр.
 
Атап айтқанда:
•2023 жылы 7 донорлық үдеріс жүзеге асырылды;
•2024 жылы — 6;
•2025 жылы трансплантаттау жүргізуге мүмкіндік берген 19 өзекті қайтыс болған донор тіркелді.
 
Бұл динамика біртіндеп өсімді көрсеткенімен, әлеует әлі де қазіргі нәтижелерден әлдеқайда жоғары.
 
Ерікті келісім білдірушілер санының 2023 жылғы 38 мыңнан 2025 жылы 145 мыңнан астамға дейін өсуіне қарамастан, бас тартулар үлесі әлі де келісімдер санынан айтарлықтай жоғары. Бұл өз кезегінде сақталған өмірлер санына тікелей әсер етеді.
 
Орталықтың директоры Айдар Ситқазинов атап өткендей, елде трансплантаттауды үйлестіру жүйесі қалыптасқан. Алайда қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту қоғамның сенімі мен ақпараттану деңгейіне тікелей байланысты.
 
Республикалық орталық: көшпелі кеңестер өткізуде, мамандарды оқытуда және донорлық стационарлардың жұмысын жолға қоюда өңірлердегі жұмысты жүйелі түрде күшейтіп келеді.
 
Мұндай жүйелі жұмыс донорлыққа келісімнің санын арттыруға және трансплантаттауды күтіп отырған пациенттердің арасындағы өлімді азайтуға бағытталған
Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
Терминдер мен қысқартулар
Құпиялылық саясаты
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты