Биыл жазғы маусымда Жетісу облысы бойынша 9 маусымдық, 1 киіз үйлік балаларды сауықтыру лагерлерін іске қосу жоспарлануда. Олардың арасында Алакөл ауданындағы «Шағала» және «Жалын», Ақсу ауданындағы «Тамшыбұлақ», Ескелді ауданындағы «Көктөбе», Көксу ауданындағы «Қарлығаш», Панфилов ауданындағы «Қарлығаш», сондай-ақ, Текелі қаласында «Алтын Шажа», «Эдельвейс» және «Бастау» сияқты нысандар болады. Бұл туралы Б. Құранбек атындағы Журналистер үйінде Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Самат Ахметов пен Жетісу облысы Білім басқармасының қосымша білім беру ғылыми-практикалық орталығының директоры Айбол Қасенов айтып берді.
Облыстың жалпы білім беретін мектептерінен 102,7 мыңға жуық бала, сондай-ақ, оның ішінде әлеуметтік санаттағы отбасылардан шыққан балалар осы лагерьлерде сауықтыру демалысына қатыса алады.
«Бүгінде 4 балаларды сауықтыру лагерьлерінен өтініш түскен (Алакөл ауданы «Шағала», «Жалын» лагерьлері, «Жансая» күндізгі болу оңалту-орталығының лагері, Текелі қ. «Бастау» лагері»,- деп атап өтті Самат Ахметов.
Сондай-ақ, департамент басшысының орынбасары әр лагерь ашылғанға дейін санитарлық нормаларға сәйкестігін мұқият тексеру жүргізіліп, тиісті санитарлық-эпидемиологиялық қорытындылар берілетінін атап өтті.