Энергетикалық сусындар: зиянды ма, пайдалы ма?

Энергетикалық сусындар: зиянды ма, пайдалы ма?

Қазір әлемде, көптеген жастар, энергетикалық сусындарды шаршаумен күресу жолы ретінде көреді. Дегенмен, олар дұрыс таңдау жасауда ма?

Бұл сусындардың адам денсаулығына қауіптілігі, қант, дәрумендер, аминқышқылдар мен өсімдік тектес заттардың концентрациясы қарапайым тағамдарға немесе өсімдіктерге қарағанда әлде қайда жоғары болуында.

Кофеин: орталық жүйке жүйесіне стимулятор ретінде әсер етеді, сондықтан ол адамның физикалық және ақыл-ой қабілетіне қоздырғыш ретінде әсер етеді, сергектікті арттырады, шаршауды басады. Әсер тұтынудан кейін 15 минуттан кейін пайда болады және шамамен 1,5 сағатқа созылады, содан кейін құлдырау басталады. Гиперстимульдеу қандағы қанттың күрт төмендеуімен бірге жүретін симптомдармен алмастырылады: күштің азаюы, әлсіреу, ұйқышылдық, аштық, жүрек соғысысының артуы, тершеңдік, көздің бұлыңғырлығы, естен тану жағдайына дейін баруы мүмкін. Яғни, мұндай сусындардың құрамында қосымша энергия қоры жоқ, тек біздің ағзамыздағы энергияның қоры ретінде пайдаланып, ағзамызды тоздырады.

Дені сау ересектерге тәулігіне 400 мг кофеинді (төрт кесе кофедегі мөлшер) еш қиындықсыз тұтынуға болады, бірақ әдетте бір банка энергетикалық сусынның құрамында кофеиннің тәуліктік мөлшері бар. Сонымен қатар, көптеген адамдар тек бір банкамен шектелмейді. Ал балалар мен жасөспірімдерге мүлдем кофеиннен бас тарту ұсынылады.

Құрамында қант бар тағамдарға деген шамадан тыс құмарлық қант диабетінің дамуына алып келеді, көмірсулардың алмасуына зақым келтіреді, сонымен қатар, соңғы уақытқа дейін бауырдың майлы дистрофиясының дамуы алкоголизмен байланыстырылса, соңғы жылдары қантты шамадан тыс тұтынумен түсіндіріледі.

Сергіткіш сусындарын шамадан тыс тұтынудың барлық салдарын ескере отырып, олардың құрамындағы кофеинге заңнамалық деңгейде талаптар қойылады (400 мг/дм3 аспауы керек). Сонымен қатар, энергетикалық сусындар құрамындағы сергіткіш әсер беретін заттар (компоненттер) мөлшері екіден аспауы керек, ал әлсіз алкогольді энергетиктердің құрамында бір ғана сергіткіш зат болуы керек. Егер алкогольсіз сусындарда кофеин мөлшері 150 мг/л-ден асатын болса және (немесе) дәрілік өсімдіктер мен олардың сығындылары адам ағзасына сергіткіш әсерін қамтамасыз ету үшін жеткілікті мөлшерде болса, онда мұндай сусындарда: «18 жасқа толмаған балалар, жүктілік және бала емізу кезінде, сондай-ақ жүйке-жүйесі тез қозатын, ұйқысыздық, артериялық гипертензия дертіне шалдыққан тұлғаларға қолданбағаны жөн» деген жазба болуы керек .

Қазіргі уақытта мектеп оқушылары мен жасөспірімдердің арасында энергетикалық сусындарды тұтыну үрдісінің артуы байқалады. Осыған байланысты кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарына жүгінгіміз келеді. Балаларыңыз қандай сусындарды тұтынатынына мұқият болыңыздар!

Өз денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың денсаулығына қамқор болыңыздар!