Жалпы вибрация: түрлері, ағзаға әсері, алдын алу шаралары

Жалпы вибрация: түрлері, ағзаға әсері, алдын алу шаралары

Вибрация – белгілі бір жиілік пен кезеңмен сипатталатын механикалық тербелістер, олар адаммен жанасу кезінде оған беріледі.

Көптеген технологиялық өндірістік процестер жұмыс істейтін адамның ағзасына вибрацияның зиянды әсерімен қатар жүреді. Вибрациялық әсерге ең көп ұшырайтындар – тау-кен өндіру, металл өңдеу, металлургия, машина жасау, құрылыс саласының, сондай-ақ көлік пен ауыл шаруашылығының қызметкерлері.

Вибрацияның түрлері: Вибрация адамға берілу тәсіліне қарай шартты түрде:

  • жалпы вибрация – отырған немесе тұрған жағдайда адамның денесіне тірек беттері арқылы беріледі;
  • жергілікті (локальды) вибрация – қол (алақан, білек) арқылы, әсіресе қолмен жұмыс істейтін құралдармен немесе машиналармен жанасқанда беріледі.

Өз кезегінде жалпы вибрация келесі түрлерге бөлінеді:

  • көліктік вибрация – теміржол көлігінің жылжымалы құрамында, өздігінен жүретін және тіркемелі машиналарда, әртүрлі көлік құралдарында қозғалу кезінде жұмыс орындарында адамға әсер етеді;
  • көлік-технологиялық вибрация – өндірістік ғимараттардың арнайы дайындалған беттерінде, өнеркәсіптік алаңдарда, тау-кен қазбаларында қозғалып жүретін машиналардың жұмыс орындарында адамға әсер етеді;
  • технологиялық вибрация – стационарлық машиналардың жұмыс орындарында немесе вибрация көзі жоқ жұмыс орындарына берілетін вибрация. Оларға металл және ағаш өңдеу станоктары, құю машиналары, электр машиналары, конвейерлік желілер және т.б. жатады.

Вибрацияның адамға әсері

Жалпы вибрация орталық жүйке жүйесін тежейді. Оның әсері омыртқааралық дискілердің жарақаттарына, сүйек тіндерінің деформациясына, іш қуысы мүшелерінің ығысуына, асқазан мен ішектің моторикасының бұзылуына, қозғалыс үйлесімділігінің нашарлауына, жиі бас ауруына, бас айналуға, вестибулярлық аппарат, көру және есту қабілеттерінің бұзылуына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ ауырсыну, тактильдік және вибрациялық сезімталдықтың төмендеуі байқалады, ал төмен жиілікті тербелістер зат алмасу процестерінің өзгеруіне де әсер етуі мүмкін.

Жергілікті вибрация көбінесе қол тамырларының түйілуіне (спазмға) әкеліп, тіндердің қанмен қамтамасыз етілуін бұзады. Жүйке ұштары зақымданып, тері сезімталдығы төмендейді, буындарда тұздар жиналып, олар деформацияланып, қозғалғыштығы азаяды. Сондықтан вибрация өте қауіпті.

Өндірісте вибрацияның ұзақ және тұрақты әсері вибрациялық аурудың дамуына әкеледі. Ол кәсіби аурулар арасында жиілігі бойынша екінші орында тұр. Көбінесе бұл ауру көлік жүргізушілерінде, арнайы машиналар мен агрегаттардың операторларында анықталады. Ауру әртүрлі белгілер кешенімен сипатталады, жалпы алғанда вегетативтік бұзылыстар, тамыр тонусының және тіндердің сезімталдығының төмендеуі, аяқ-қол қызметтерінің әртүрлі бұзылыстары байқалады.

Вибрацияның ағзаға теріс әсерінің алдын алу жеке қорғаныс құралдарын пайдалануды, қашықтан басқаруды қолдану арқылы дірілдейтін жабдықпен тікелей байланысты жою, өнеркәсіптік роботтарды қолдану, процестерді механикаландыру және автоматтандыру, технологиялық операцияларды ауыстыру; вибрация қарқындылығын тікелей оның пайда болу көзінде төмендету (құрылымдық жетілдірулер арқылы)қамтиды.

Вибрацияның адам ағзасына қолайсыз әсерін азайту шараларының кешенінде еңбек пен демалыс режиміне маңызды рөл беріледі.

Жалпы да, жергілікті де вибрация кезінде емдік-профилактикалық шаралар жұмысшылардың денсаулық жағдайын алдын ала және мерзімдік медициналық бақылаудан өткізуді қамтиды.

Вибрациялық патологияның алдын алу шараларына сондай-ақ өндірістік гимнастика, ультракүлгін сәулелендіру, витаминдік профилактика және ағзаны жалпы нығайтатын басқа да іс-шаралар жатады.

Барлық шараларды қолданған кезде жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсартуға және кәсіптік аурулардың пайда болу қаупін азайтуға болады.