
Тұрғын үй-жайларда қолайлы микроклимат адамның денсаулығына және жұмысына тікелей әсер етеді. Жалпы үй-жайлардың микроклиматы дегеніміз ауа температурасының, салыстырмалы ылғалдылықтың және ауа қозғалысының жылдамдығы көрсеткіштерінен құралатын физикалық факторлардың жиынтығы.
Микроклиматтың оңтайлы параметрлерінің бұзылуы суық тиюдің, аллергиялық реакциялардың, созылмалы аурулардың өршуіне, сондай-ақ бөлмелерде көгерудің пайда болуына және бөлменің ауасында зиянды заттардың концентрациясының жоғарылауына әкелуі мүмкін.
Тұрғын үй - жайлардағы ауаның температурасы (°C – көрсетілген) және салыстырмалы ылғалдылығы (% - көрсетілген) жылдың суық мезгілінде 18-24°C және 60%, жылы мезгілде 20-28°C және 65% болады.
Температуралық тәртіпті бақылау әсіресе жылыту кезеңінде өзекті. Төмен температура жылу жүйесінің бұзылуымен, қоршау құрылымдарының жылу оқшаулауының жеткіліксіздігімен немесе инженерлік жүйелердің дұрыс жұмыс істемеуімен байланысты болуы мүмкін.
Шамадан тыс жоғары температура да қолайсыз, өйткені ол ауаның құрғауына, әл-ауқаттың нашарлауына және дененің төзімділігінің төмендеуіне ықпал етеді.
Күнделікті өмірдегі бөлменің температурасын өлшеу үшін ылғалдылық пен температураны бір уақытта өлшейтін гигрометрлерді (термометр функциясы бар), сондай–ақ электронды термометрлер мен мобильді қосымшаларды қолдана отырып, еденнен 0,1-2,0 м биіктікте және қабырғалардан, терезелерден және жылыту құрылғыларынан кемінде 0,5 м қашықтықта орналастыру арқылы пайдалануға болады. Өлшемдер жүргізу кезінде температураға әсер ететін кондиционерлерді, жылытқыштарды және басқа құрылғыларды өшіріп, бөлмеде желдің және тікелей күн сәулелерінің түсуін болдырмау керек.
Ылғалдылықтың жоғарылауы тұрғын үй-жайларда көгерудің пайда болуының ең көп таралған себептерінің бірі болып табылады. Бұл желдетудің дұрыс жұмыс істемеуі, суық беттердегі ылғалдың конденсациясы, сондай-ақ ауаның шамадан тыс ылғалдануы салдарынан болуы мүмкін.
Төмен ылғалдылық жылыту кезеңіне тән және ол тыныс алу жолдарының шырышты қабаттарына, теріге және көру жүйесіне теріс әсер етеді.
Қалыпты температура мен салыстырмалы ылғалдылықты сақтау үшін артық ылғалды, көмірқышқыл газын, иістерді және ластаушы заттарды кетіруді қамтамасыз ететін желдету жүйесінің болуы өте маңызды рөл атқарады. Тұрғын үйлерде негізінен табиғи желдету жүйелері қолданылады, олардың тиімділігі желдету арналарының күйіне және таза ауа ағынына байланысты.
Нормативтік микроклиматты сақтау үшін келесі шараларды ұсынамыз:
1) үй-жайларды тұрақты желдетуді қамтамасыз ету;
2) желдету арналарының жарамдылығын бақылау;
3) жылыту кезеңінде ауа ылғалдандырғыштарын пайдалану;
4) қоршау конструкцияларының ақауларын уақтылы жою;
5) инженерлік жүйелердіңөз бетінше өзгертуге жол бермеу.
Қорытындылай келе, температураның, ылғалдылықтың және желдетудің нормативтік көрсеткіштерін сақтау денсаулыққа қауіп-қатерді азайтуға, бөлмелерде көгерудің пайда болмауына және жайлы өмір сүру жағдайларын жасауға мүмкіндік береді деп айтқымыз келеді.