Жазғы каникулдар – балалар үшін асыға күтетін демалыс уақыты ғана емес, сонымен қатар жарнама, көз тартарлық орама мен тәтті және салқын өнімдерге деген құмарлықтың әсеріне ең бейім кезең. Газдалған сусындар, балмұздақтар, энергетиктер – серуен кезінде балалардың қолынан жиі табылатын өнімдер.
Бірақ бұл өнімдер қаншалықты қауіпсіз? 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған тұлғаларға сатуға тыйым салынған. Бұл – жай ғана ұсыныс емес, заңмен бекітілген талап. Балалар рационында басқа да тәтті өнімдерді тұтынуды шектеу қажет. Құрамында қант бар өнімдерді шамадан тыс қолдану тек кариеске ғана емес, сондай-ақ қант диабетінің, көмірсулар алмасуының бұзылуының және бауырдың майлы дистрофиясының дамуына себеп болуы мүмкін.
Егер Сіз балаларды кейде ғана тәтті «зиянды өнімдермен» еркелететін болсаңыз, таңдауды саналы жасауға шақырамыз.
Өнімді дүкенде қалай таңдау керек? Азық-түлік өнімдерін дүкеннен сатып алған кезде тауарды қолыңызға алып, мұқият қарап шығыңыз. Өнімнің қаптамасы герметикалық жабылған, яғни ауа өткізбейтін болуы тиіс. Қаптаманың бүлінбегеніне (жыртылмаған, ісіп кетпеген, сынбаған немесе тесілмеген) және ластанбағанына көз жеткізіңіз. Егер қаптама тұтастығы бұзылған өнімді сатып алсаңыз, жұқпалы аурулар мен тағамнан улану қаупі артады.
Таңбалауға мұқият қараңыз. Таңбалау мемлекеттік және орыс тілдерінде болуы шарт. Мәтін анық, түсінікті болуы тиіс және мыналарды қамтуы керек: өнімнің атауы; құрамы; саны; дайындалған күні; жарамдылық мерзімі; сақтау шарттары; тағамдық құндылық көрсеткіштері; қолдану бойынша ұсыныстар немесе шектеулер. Сонымен қатар, өнімді өндірушінің толық атауы мен орналасқан мекенжайы, тұтынушылардың шағымдарын қабылдайтын ұйымның деректері, ГМО-ның бар немесе жоқтығы туралы мәліметтер және ЕАЭО таңбасы (EAC белгісі) міндетті түрде көрсетілуі қажет.
Егер өнімнің жапсырмасында толық ақпарат болмаса, мұндай өнімді сатып алудан бас тартқаныңыз жөн.
Сақтау шарттары мен сату орнына назар аударыңыз. Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен немесе сақтау температурасы талапқа сай емес өнімдерді ешқашан сатып алмаңыз. Азық-түлікті тек арнайы мамандандырылған дүкендерден сатып алу керек. Бейтаныс адамдардан немесе рұқсат етілмеген сауда орындарынан өнім сатып алуға болмайды.
Өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттар. Әрбір тұтынушы өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттарды сатушыдан талап етуге құқылы. Газдалған сусындарға, балмұздаққа және энергетикалық сусындарға мұндай құжат – тамақ өнімінің сәйкестік декларациясы. Егер қаптамада өнім белгілі бір жастағы балаларға арналған деп көрсетілсе, онда бұл өнімнің мемлекеттік тіркеуден өткендігі туралы куәлігі болуы керек.Егер сатушы бұл құжатты ұсынбаса – өнімді сатып алмағаныңыз жөн.
Қауіпсіз өнім – дені сау ұрпақ!