2024 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен «Алкоголь өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламент бекітілді.
Техникалық регламент Қазақстан Республикасының аумағында алкоголь өнімдеріне, оларды өндіру, сақтау, тасымалдау, өткізу және кәдеге жарату процестеріне, сондай-ақ алкоголь өнімдерін таңбалау мен қаптауға қойылатын міндетті талаптарды белгілейді.
Барлық алкоголь өнімі міндетті түрде таңбалануы тиіс. Таңбалау мемлекеттік және орыс тілдерінде, шынайы әрі тұтынушыларды жаңылыстырмайтындай болуы қажет.
Таңбалауда келесі мәліметтер көрсетілуі тиіс: алкоголь өнімі атауы; өндірушінің және Қазақстан Республикасының аумағында тіркеліп, өндірушінің атынан шағымдарды қабылдауға уәкілетті ұйымның атауы мен орналасқан жері; этил спиртінің көлемдік үлесі (күштілігі) (% көлем); өндірілген күні (құйылған, дайындалған, рәсімделген күні); жарамдылық мерзімі; көлемі; құрамы (компоненттердің массалық үлесі азаю тәртібімен); сақтау шарттары; өндіріс процесінде қолданылған тағамдық қоспалардың атауы, сондай-ақ ГМО қолданылған компоненттердің бары жөніндегі ақпарат. Жапсырмада контрастты ескерту жазулары болуы тиіс: «Алкогольді шамадан тыс тұтыну денсаулығыңызға зиян» және «Алкоголь 21 жасқа толмаған адамдарға, жүкті және емізулі әйелдерге, орталық жүйке жүйесі, бүйрек, бауыр және ас қорыту жүйесі ауруларымен ауыратын адамдарға қарсы көрсетілген».
Техникалық регламентте өнімнің жекелеген түрлеріне қойылатын таңбалауға арналған қосымша талаптар көзделген:
- арақ үшін — ректификатталған этил спиртін өндіруде қолданылған негізгі тағамдық шикізаттың атауы;
- ерекше арақ үшін — басым хош иістің атауы көрсетілуі мүмкін;
- коньяк үшін — коньяк спирттерінің орташа минималды жасы;
- шарап үшін — жүзім сорты, өндіру тәсілі (классикалық немесе резервуарлық), егер шарап ескі немесе коллекциялық болса — жинау жылы, ал газдалған шарап үшін — тираж айы мен жылы;
- жеміс шараптары, сидр және бренди үшін — өндірісте қолданылған жемістердің түрі;
- сыра және оның негізінде дайындалған сусындар үшін — түрі (ашық, қою), сүзу дәрежесі, экстрактивтілік, нақты экстракт мөлшері;
- әлсіз алкогольды сусындар үшін — орамдағы этил спиртінің мөлшері жөніндегі ақпарат.
Техникалық регламенттің толық мәтінімен Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінің «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде танысуға болады: http://10.61.42.188/rus/docs/G24RR000761.