Әлемде Эбола геморрагиялық қызбасы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты, Көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайында практикалық оқу-жаттығу іс-шарасын ұйымдастырып, өткізді.
Іс-шараға Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, сондай-ақ барлық құзыретті органдар мен мүдделі қызметтер қатысты.
Іс-шара жолаушылар немесе әуе кемесі экипажының мүшелері арасынан аса қауіпті инфекциялық ауруға, оның ішінде Эбола геморрагиялық қызбасына күдікті адам анықталған жағдайда тиісті қызметтердің жедел әрекет етуге дайындығын арттыру мақсатында өткізілді.
Оқу-жаттығу барысында аса қауіпті инфекцияның әкелінуі және таралуы ықтималдығы туындаған кездегі іс-қимыл алгоритмдері пысықталды. Атап айтқанда, күдікті жағдайды уақтылы анықтау және оқшаулау, сондай-ақ санитариялық-эпидемияға қарсы және карантиндік іс-шараларды жүргізу тәртібі тәжірибе жүзінде пысықталды.
Эпидемиологиялық қауіп туындаған жағдайда әуежай қызметтерінің, медициналық және санитариялық-эпидемиологиялық мамандардың ведомствоаралық өзара іс-қимылына және іс-әрекеттерін үйлестіруге ерекше назар аударылды.
Мұндай практикалық оқу-жаттығу іс-шараларын өткізу мамандардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге, ықтимал эпидемиологиялық қауіптерге дайындық деңгейін арттыруға және әуе көлігі объектілерінде санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.