
Қазақ тіл білімінің негізін қалаған ұлы тұлғалардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы. Ол тек ағартушы, ақын, қоғам қайраткері ғана емес, сонымен қатар қазақ ғылыми терминологиясының, оның ішінде медициналық және санитариялық-эпидемиологиялық терминдердің іргетасын қалаушы реформатор ғалым болды. ХХ ғасырдың басында қазақ тілінде жүйеленген ғылыми терминдер болмағандықтан, медицина және санитариялық саласындағы ғылыми тіл негізінен орыс немесе араб тілдері арқылы қалыптасып, ұлттық бірізділік жетіспеді. Осындай жағдайда Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің ішкі мүмкіндігін пайдалана отырып, жаңа ғылыми атаулар мен медициналық-санитариялық терминдерді жасауға кірісті.
«Тіл-құрал» еңбегінде дыбыс, әріп, буын, сөйлем, зат есім, сын есім, етістік, бастауыш, баяндауыш сияқты жалпы тілдік терминдер алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді. Бұл принциптер қазіргі санитариялық-эпидемиология саласындағы терминологияны біріздендіруде де маңызды рөл атқарады. Байтұрсынұлы термин жасауда бірнеше қағидатты ұстанды: ұлттық тілдің табиғатына сүйену, түсініктілік пен ықшамдылық, дыбыстық үйлесімділік, мағыналық дәлдік. Сол қағидаттар бүгінгі күні сала мамандарына арналған нормативтік актілер, санитарлық нұсқаулықтар мен ғылыми зерттеу материалдарын дайындауда қолданылады.
Байтұрсынұлы тіл мәселесін тек қарым-қатынас құралы ретінде емес, ұлттың рухани тірегі деп қарастырған. Оның пікірінше, терминология – жаңа ұғымды ұлттық дүниетаным арқылы қабылдау деген сөз. Санитариялық-эпидемиология саласындағы бұл қағида – жаңа аурулар, қауіптер және профилактикалық шараларды сипаттайтын ғылыми атауларды түсінікті әрі ұлттық тілде қалыптастыруда аса маңызды.
Қорытындылай келе, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ ғылыми тілінің негізін қалаушы ретінде санитариялық-эпидемиологиялық терминологияның дамуына да жол ашты. Ортақ мақсаты – мемлекеттік тілдің ғылыми әлеуетін арттыру, сала мамандарына арналған терминдік бірізділікті қамтамасыз ету және қазақ тілін медициналық-санитариялық ғылым тіліне айналдыру. Ұлт ұстазының мұрасы бүгінгі терминологиялық саясаттың рухани тірегі болып қала береді.