Денсаулықты нығайтуға ықпал етуші мектептер

Денсаулықты нығайтуға ықпал етуші мектептер

 

Қазіргі таңда мектеп – тек білім беру қызметін ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік қызметті де кеңінен да атқарады. Дәл осы мектеп ортасында болашақта адамның денсаулығын айқындайтын әдеттер, құндылықтар мен мінез-құлық үлгілері қалыптасады. Оқыту жағдайлары, тамақтануды ұйымдастыру, дене белсенділігінің деңгейі және психологиялық ахуал балалардың денсаулығы мен дамуына тікелей әсер етеді.

Бүгінде балалар мен жасөспірімдер арасында инфекциялық емес аурулардың өсуі байқалады. Көру қабілетінің және дене бітімінің бұзылулары, артық салмақ проблемалары, ас қорыту жүйесінің аурулары, мазасыздықтың артуы көбінесе қозғалыс белсенділігінің төмендігімен, теңгерімсіз тамақтанумен, оқу жүктемесінің жоғары болуымен және цифрлық құрылғыларды ұзақ уақыт пайдаланумен байланысты болып отыр. Осындай жағдайда жүйелі профилактика айрықша маңызға ие екені сөзсіз.

Бұл бағыттағы тиімді құралдардың бірі - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасын енгізу. Жоба бір реттік іс-шараларды өткізумен шектелмей, денсаулықты нығайту қағидаттарын білім беру ұйымының даму стратегиясына кезең-кезеңімен енгізуді көздейді.

Кешенді тәсіл келесі бағыттарды қамтиды:

- қауіпсіз және қолдаушы білім беру ортасын құру;

- мектептегі тамақтануды жетілдіру;

- тұрақты дене белсенділігі үшін жағдай жасау; 

- мінез-құлықтық қауіп факторларының алдын алу;

- білім алушылар мен педагогтардың психоэмоционалдық әл-ауқатын қолдау;

- ата-аналар қауымдастығымен өзара іс-қимыл жасау;

- денсаулыққа әсер ететін факторларға жүйелі мониторинг жүргізу.

Денсаулықты сақтау және нығайту мәселелерін мектептің басқарушылық саясатына енгізу білім беру үдерісінің сапасына да қолайлы әсер етеді. Жағымды ортада білім алатын балалар зейінін жақсы шоғырландырады, оқу процесіне белсенді қатысады және тұрақты нәтижелер көрсетеді. Мектептегі стрессті төмендету, өзін-өзі реттеу дағдыларын дамыту және денсаулық мәдениетін қалыптастыру ұжымда жағымды ахуал орнатуға ықпал етеді.

Ересек жастағы созылмалы инфекциялық емес аурулардың басым бөлігі бала кезден қалыптасатын қауіп факторларының әсерінен дамитынын ескеру маңызды. Сондықтан білім алушылардың денсаулығын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыс барынша адами капиталға салынатын ұзақ мерзімді инвестиция.

Денсаулықты нығайтуға ықпал етуші мектеп қағидаттарын енгізу білім беру ұйымының әлеуметтік жауапты әрі заманауи мекеме ретіндегі мәртебесін арттырып, тұрақты нәтижелер мен білім алушылардың әл-ауқатына бағытталған қызметін айқындайды.