
Мектепке дейінгі ұйымдар эпидемиялық маңызы жоғары объектілерге жатады, сондықтан олардың қызметін жүзеге асыру үшін санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының болуы міндетті. Бұл талап Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінде көзделген.
Санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу тәртібі:
Мектепке дейінгі ұйымның басшысы өтінішті электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, «Электрондық үкімет» порталы арқылы электрондық түрде ұсынады.
Электрондық өтінішке келесі құжаттар қоса беріледі:
- объектінің кадастрлық паспорты (техникалық паспорты);
- аккредиттелген зертханалар жүргізген зертханалық-аспаптық зерттеулердің хаттамалары (судың бактериологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша зерттеулері; бассейн болған жағдайда – судың бактериологиялық, санитариялық-химиялық паразитологиялық зерттеулері; микроклимат зерттеу (температура және салыстырмалы ылғалдылық); жарықтандыру деңгейін зерттеу; электромагниттік және электростатикалық өрістерді өлшеу).
Өскелең ұрпақ үшін қауіпсіз және жайлы орта қалыптастыру – мемлекет, бизнес және ата-аналар алдында тұрған ортақ міндет.