Биологиялық белсенді қоспалар

Биологиялық белсенді қоспалар

Тағамға биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) – табиғи немесе табиғи сынды биологиялық белсенді заттар, сондай-ақ тамақпен бір мезгілде тұтынуға немесе тамақ өнімдерінің құрамына енгізуге арналған пробиотикалық микроорганизмдер.
​ББҚ арнайы тамақ өнімдеріне жатады (яғни олар дәрілік зат емес) және мемлекеттік тіркеуде болуы тиіс. Өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжат мемлекеттік тіркеу туралы куәлік болып табылады.
​Мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің болуын Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми сайтында мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің бірыңғай тізілімінде тексеруге болады (https://eec.eaeunion.org).
​ББҚ-ларды жарнамалау кезінде міндетті түрде келесі ақпаратты қамтуы керек: сауда атауы; құрамына кіретін белсенді компоненттер туралы мәліметтер; қолданудың негізгі көрсеткіштері; қолдану тәсілі мен дозалары; негізгі жанама әсерлері мен қарсы көрсетілімдері; балаларға, жүкті әйелдерге, сондай-ақ емшек сүтімен емізу кезеңіне қатысты ерекше нұсқаулар; жіберу шарттары; қолдануға көрнекі және түсінікті ұсыныс; Қазақстан Республикасында шағымдарды қабылдауға өндіруші уәкілеттік берген тұлғаның атауы, мекенжайы; мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нөмірі, берілген күні. Әр жағдайда жарнама объектісі дәрілік зат емес екендігі туралы ескертумен бірге жүреді.
​Теледидар мен радиоға, интернет-ресурстарға арналған жарнамада мынадай ақпарат болуы тиіс: сауда атауы, негізгі қарсы көрсетілімдер, балаларға, жүкті әйелдерге қатысты, сондай-ақ емшек сүтімен емізу кезеңінде ерекше нұсқаулар, қолдануға көрнекі және түсінікті ұсыным және міндетті түрде мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нөмірі және берілген күні болуы тиіс.
​Әр жағдайда ББҚ жарнамасын ұсынатын нысанда дәрілік зат емес екендігін көрсететін ескертумен бірге жүргені абзал.
​Кәсіпкерлік субъектісінде ББҚ-ға мемлекеттік тіркеу туралы куәлік болған кезде ғана сатуға жол беріледі.
​Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнаманың, сондай-ақ техникалық регламенттердің талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.