
Абай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары А. Токтабаева 2025 жылғы 28 қазанда Семей қаласында өткен «Қазақстанда туберкулезді тоқтатайық» атты туберкулезге қарсы іс-қимыл саласында мемлекеттік құрылымдар, медициналық ұйымдар және үкіметтік емес сектор арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мен Ұлттық әріптестікті дамыту мәселелеріне арналған адвокациялық кеңеске қатысты. Іс-шара Абай облысының денсаулық сақтау басқармасының, ҚР ДСМ Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы жанындағы Жаһандық қор жобасының бас реципиентінің және «Қазақстан фтизиопульмонологтар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен 2023–2025 жылдарға арналған фтизиопульмонологиялық қызметті дамыту жөніндегі жол картасын іске асыру аясында өткізілді. Кеңестің жұмысына Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы, мемлекеттік органдар, депутаттық корпус, «Аманат» партиясының өкілдері, медициналық ұйымдар, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, ЖИТС орталығы, үкіметтік емес ұйымдар және Ұлттық ТБ әріптестігі сарапшылары қатысты. Кеңесте өңіріміздегі туберкулезбен күрес бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері, 2024 жылдың және 2025 жылдың 9 айының эпидемиологиялық жағдайы, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың туберкулезбен күрестегі үлесі қарастырылды. Туберкулез – қоғамдық денсаулыққа қауіп төндіретін ең қауіпті жұқпалы аурулардың бірі, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан осал топтар арасында кең таралу қаупі жоғары. Осыған байланысты ерте диагностикалау, емдеудің қолжетімділігі, науқастарды әлеуметтік қолдау және аурудың алдын алу мәселелері өңірлік денсаулық сақтау саясатының негізгі басым бағыттары болып табылады. Кеңестің қорытындысы бойынша «Стоп ТБ» Ұлттық әріптестігін одан әрі дамыту және азаматтық қоғамның әлеуетін күшейту арқылы Абай облысында туберкулезбен күресті тиімді етуге бағытталған басым міндеттер айқындалды.