Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл - сүйініш, ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесең, бұл - күйініш.
Қазақстан жерінде тұратын, Отаным деп санайтын, еліміздің ауасымен тыныстаған әр азаматтың мемлекеттік тілге деген құрметі де, ықыласы да бөлек болуы тиіс.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша Департаментінде (бұдан ары – Департамент) тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі 2023-2029 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын орындау бойынша өз үлесін қосуда бірқатар жұмыстар атқарғанын атап кетуге болады.
Қазақстан халқы тілдері күнін мерекелеу шеңберінде тілдік ортаны дамыту мен құрудың өзекті проблемалары жөніндегі іс-шаралар шеңберінде Департаментте ағымдағы жылдың қыркүйек айында «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы өткізілді. Мақсаты: мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қызметкерлердің тілдік қорын байыты, дамыту.
Мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды қамтамасыз ете отырып, бұқаралық мәдени, барлық онлайн, офлайн түсіндіру-семинарларын, апта сайын бейсенбі күндері өтетін ашық күнде берілетін кеңестер, құжатаралық алмасу қазақ тілінде өтіп жатыр.
Тіл – адамның ойын жарыққа шығаратын құрал. Кез келген халықтың тілі сол халықтың ұлттық ерекшелігін танытады. Тіл байлығы – әр елдің мақтанышы. Ал біздің ана тіліміз – қазақ тілі өте бай, тереңдігі ұшан-теңіз тіл. Оның көркемдігін, шеберлігін, әсемдігін сипаттап жеткізу мүмкін емес. Елдің мұраты – ата тілі, ата дәстүрі. Қазақ тілінің тағдыры – қазақтың қолында. Оны дамыту, өсіру, көркейту, гүлдендіру тек біздерге байланысты. Біздің іс-әрекетіміз өзге ұлтқа үлгі болмақ.