
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті 2026 жылдың 6 айындағы қызмет қорытындыларын шығарды.
Облыс аумағында мемлекеттік бақылаумен 1 049 медициналық және фармацевтикалық объект қамтылған, оның 551-і медициналық, 498-і фармацевтикалық қызмет саласына жатады.
Есепті кезеңде Департамент мемлекеттік қызметтің 7 түрі бойынша 5 011 мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның 4 871-і (97,2%) медициналық бағытқа, 140-ы (2,8%) фармацевтикалық бағытқа тиесілі. Мемлекеттік қызметтерді алу тәртібін түсіндіру мақсатында 190 адамды қамтыған 14 іс-шара өткізілді. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты шағымдар түскен жоқ.
2026 жылдың 6 айында Департаментке 589 өтініш келіп түсті. Оның 510-ы (86,6%) медициналық қызметтерге, 79-ы (13,4%) фармацевтикалық қызмет саласына қатысты. Өтініштердің басым бөлігін медициналық көмектің сапасына қатысты мәселелер құрады — 288 өтініш.
2026 жылдың 6 айында жалпы сомасы 11,6 млн теңгеге 83 әкімшілік хаттама жасалды.
Департамент қызметінде ведомствоаралық өзара іс-қимылға, медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін бақылауға, дәрілік заттардың заңды айналысын қамтамасыз етуге, сондай-ақ оларды таңбалау және қадағалау жүйесін енгізуге ерекше назар аударылуда.
Департамент алдағы уақытта да халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, дәрілік заттардың заңды айналысын қамтамасыз етуге және азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы құқықтарын қорғауға бағытталған жұмысты жалғастырады.