Рецептпен берілетін дәрілік заттар тек рецепт бойынша босатылады

Рецептпен берілетін дәрілік заттар тек рецепт бойынша босатылады

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің № ҚР ДСМ-104/2020 «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада өткізу қағидаларын бекіту» туралы бұйрығының 16-тармағына сәйкес:

- дәрігердің рецептісі бойынша босатылуға жататын дәрілік заттар рецептісіз босатуға жатпайды.

Сонымен қатар, рецепттік дәрілік заттарды рецептісіз өткізу және босату үшін Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚРЗ «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 426-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Дәрігердің рецептісі бойынша босатуға арналған дәрілік заттарды рецептісіз босату фактілері анықталған жағдайда азаматтар Өскемен қаласы, Крылов көшесі, 80 мекенжайы бойынша орналасқан ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ШҚО бойынша Департаментіне шағым беруге құқылы.

Сонымен қатар, өтінішті азаматтардың өтініштерін қабылдау және өңдеудің бірыңғай платформасы «eOtinish» арқылы онлайн түрде немесе тікелей Департаменттің кеңсесіне тапсыруға болады.

Өтінішті қарау үшін бұзушылық фактісін растайтын материалдарды қоса тіркеу ұсынылады. Дәлел ретінде фото және бейнематериалдар ұсынылуы мүмкін. Бейнежазбада дәріхана ұйымы, босатылған дәрілік препарат және кассалық чек көрсетілуі қажет. Сондай-ақ дәріхананың атауы мен мекенжайын көрсету керек.