Шығыс Қазақстан облысында дәрі-дәрмек пен медициналық көмектің қолжетімділігі артты

Шығыс Қазақстан облысында дәрі-дәрмек пен медициналық көмектің қолжетімділігі артты

2025 жылғы 31 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1203 «Денсаулық сақтау саласында қосылған құн салығынан босату мәселелері туралы» қаулысы қабылданды.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтер мен дәрілік препараттар қосылған құн салығын төлеуден босатылды.

Тиісті шаралар 3000-нан астам дәрілік зат атауын қамтиды. Оның ішінде орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған 1200 атаудағы препараттар көтерме және бөлшек саудада өткізу кезінде де қосылған құн салығынан босатылады.

Сондай-ақ сирек және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, диагностикалау, алдын алу және оңалту бойынша медициналық қызметтерге қосылған құн салығы салынбайды.

Қосымша түрде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында дәрілік заттарды өндіру үшін пайдаланылатын импортталатын фармацевтикалық субстанциялар да қосылған құн салығынан босатылады.

Қаулының қабылдануы денсаулық сақтау жүйесіне қатысушылар — өндірушілерге, жеткізушілерге және медициналық ұйымдарға түсетін салықтық жүктемені азайтуға, халық үшін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдар мен медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Қаулы нормаларын іске асыру денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, саланың дамуына қолайлы жағдай жасап, мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жаңа Салық кодексіне сәйкес дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада өткізу кезінде қосылған құн салығының төмендетілген мөлшерлемесін қолдану көзделген. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қосылған құн салығының мөлшерлемесі 5 пайызды, ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 10 пайызды құрайды.

Бір мезгілде Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп рецептілік дәрілік заттарды дерегуляциялау мерзімін 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың ортасында Денсаулық сақтау министрлігі бөлшек сауда желісіндегі дәрілік заттарға шекті бағаларды реттеу тетігін енгізген болатын. Нәтижесінде бүгінгі таңда 3780 атау бойынша дәрілік препараттардың бағасы орта есеппен 26 пайызға төмендегені тіркелді.

Қазақстанда бекітілген дәрілік заттардың шекті бағаларымен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2022 жылғы 7 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-150 «Көтерме және бөлшек саудада өткізуге арналған бағалық реттеуге жататын дәрілік заттардың тізбесін бекіту туралы» бұйрығында, сондай-ақ DariKZ мобильді қосымшасы арқылы танысуға болады.

📌 Ол үшін мобильді қосымшада қажетті сүзгілерді баптау қажет.

📎 Тек шекті бағалары бекітілген дәрілік заттарды іздеу үшін «Бағасы бар» сүзгісін таңдауға болады.

🔹 Іздеу жолағына препараттың атауын енгізу арқылы оның сипаттамасымен танысып, баламаларын тауып, бағаларын салыстыруға мүмкіндік бар.

Егер сіз дәрілік заттың белгіленген шекті бағадан жоғары бағамен сатылғанын байқасаңыз, тиісті растайтын құжаттарды (тауарлық чек және дәрінің қаптамасы) қоса отырып, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне шағым жолдай аласыз.

📎 Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабына сәйкес дәрілік заттарды белгіленген шекті бағадан жоғары бағамен сату әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.

2025 жылы Шығыс Қазақстан облысында дәрілік заттарды белгіленген шекті бағадан жоғары бағамен сату фактілері тіркелген жоқ.