Қазақстан Республикасында шетелдік медициналық мамандарды тарту тәртібі

Қазақстан Республикасында шетелдік медициналық мамандарды тарту тәртібі

Соңғы уақытта ақпараттық кеңістікте Қазақстан Республикасы аумағында шетелдік дәрігерлердің консультациялар өткізуі туралы ақпараттар таралуда.

Еске саламыз, Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес, шетелдік медициналық мамандар Қазақстан Республикасы аумағында клиникалық практикамен тек Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты болған жағдайда ғана айналыса алады.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-274/2020 бұйрығына сәйкес, шетелдік мамандар сертификаттау рәсімінен өтуге міндетті, ол мыналарды қамтиды:

* Комитеттің аумақтық департаментіне өтініш беру;
* білімі туралы құжатты ұсыну;
* еңбек және кәсіби қызметін растайтын құжаттарды ұсыну;
* кәсіби даму туралы мәліметтер;
* кәсіби даярлық деңгейін бағалаудан өту.

Қосымша ретінде шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат ұсынылады (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің азаматтарын қоспағанда).

Қазақстан Республикасынан тыс жерде медициналық білім алған тұлғалар белгіленген тәртіппен білімін және (немесе) біліктілігін танығаннан кейін ғана сертификаттауға жіберіледі.

Пациенттер үшін ықтимал тәуекелдер

Қазақстан Республикасында сертификаттау рәсімінен өтпеген мамандарға жүгіну мынадай салдарға әкеп соғуы мүмкін:

* диагностикадағы қателіктер;
* дұрыс емес немесе қауіпсіз емес ем тағайындау;
* денсаулық жағдайының асқынуы;
* пациент құқықтарын қорғаудың құқықтық кепілдіктері мен тетіктерінің болмауы;
* маманды қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту мүмкіндігінің болмауы.

Сертификаттау рәсімі пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және көрсетілетін медициналық көмектің сапасын кепілдендіруге бағытталған.

📌 Медициналық ұйымдарға ұсыныстар

Медициналық ұйымдар шетелдік мамандарды тарту кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының сақталуын алдын ала қамтамасыз етуі және барлық қажетті рұқсат құжаттарының болуын тексеруі қажет.