NAQTY ONIM: дәрілік заттарды цифрлық бақылау құралы

NAQTY ONIM: дәрілік заттарды цифрлық бақылау құралы

Қазақстанда азаматтарға дәрілік заттарды өз бетінше тексеруге, олардың таңбалануы мен қадағалануына қатысты ақпарат алуға, сондай-ақ белгіленген шекті бағалардың сақталуын бақылауға мүмкіндік беретін NAQTY ONIM цифрлық құралы жұмыс істейді.

Қосымша тауарларды мемлекеттік цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесі шеңберінде әзірленген. Оны пайдалану фармацевтикалық нарықтың ашықтығын арттыруға және тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың қосымша мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Дәрілік затты қалай тексеруге болады?

2024 жылғы 1 шілдеден кейін өндірілген дәрілік заттардың қаптамасында бірегей Data Matrix коды орналастырылады.

Дәрілік затты тексеру үшін NAQTY ONIM қосымшасын ашып, смартфон камерасының көмегімен кодты сканерлеу қажет.

Сканерлегеннен кейін пайдаланушы дәрілік зат туралы, оның ішінде мынадай ақпаратты ала алады:

  • дәрілік заттың атауы;
  • өндіруші туралы ақпарат;
  • тіркеу деректері;
  • таңбалау мәртебесі;
  • дәрілік заттың заңды шығу тегіне қатысты мәліметтер;
  • дәрілік заттың жеткізу тізбегі бойынша қозғалысы туралы ақпарат.

Цифрлық таңбалау дәрілік заттың өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап дистрибьюторға, дәріханаға және соңғы сатып алушыға дейінгі қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді.

Дәрілік заттардың бағасын бақылау

Қосымшаның тағы бір мүмкіндігі – дәрілік заттардың бағасын тексеру.

Пайдаланушы дәрілік затқа мемлекет белгілеген шекті бөлшек сауда бағасын біліп, оны дәріханадағы препараттың нақты бағасымен салыстыра алады.

Егер дәрілік заттың бағасы белгіленген шекті деңгейден асып кетсе, азамат бұл туралы көзделген цифрлық сервистер арқылы хабарлап, ақпаратты уәкілетті органдардың одан әрі қарауына жібере алады.

Азаматтардың бақылауға қатысуы

NAQTY ONIM азаматтарға сатып алынатын дәрілік заттар туралы ақпаратты өз бетінше алуға және ықтимал бұзушылықтар туралы хабарлауға мүмкіндік береді.

Мұндай цифрлық құралдар мемлекеттік бақылауды толықтырып, дәрілік заттарды белгіленген талаптарды бұза отырып өткізу жағдайларын уақтылы анықтауға ықпал етеді.

Цифрлық таңбалау не үшін қажет?

Цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесі:

  • дәрілік заттардың жеткізудің әртүрлі кезеңдеріндегі қозғалысын бақылауға;
  • заңсыз айналымдағы өнімді анықтауға;
  • жалған және контрафактілік дәрілік заттардың айналымға түсу тәуекелдерін азайтуға;
  • дәрілік заттарды өткізуге қойылатын белгіленген талаптардың сақталуын бақылауға;
  • азаматтардың сатып алатын дәрілік заттар туралы хабардарлығын арттыруға мүмкіндік береді.

NAQTY ONIM қосымшасын пайдалану сатып алушыға дәрілік затты сатып алар алдында оның таңбалануын тексеріп, препарат туралы қажетті ақпаратты тікелей алуға мүмкіндік береді.