
Маңғыстауда халықты дәрі-дәрмекпен қамту жоспарға сәйкес жүйелі жүзеге асып келеді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров айтты.
Спикердің айтуынша, облыс бойынша 33 медициналық ұйым жұмыс істейді. Аталған ұйымдар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында науқастарды дәрілік заттармен тегін қамтамасыз етеді.
-2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста медициналық-демографиялық көрсеткіштер тұрақты деңгейде сақталды. Атап айтқанда, жалпы өлім-жітім көрсеткіші бес пайызға, ал нәресте өлімі 12 пайызға төмендеді. Халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Есепті кезеңде 80 түрлі ауру бойынша 54 мыңнан астам тұрғын дәрі-дәрмекпен қамтылды. Оның ішінде жүрек-қан тамырлары ауруларына, онкологиялық дерттерге, тыныс алу, ас қорыту және жүйке жүйесі ауруларына қарсы препараттар басым бағытта берілді. Егер дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты науқастар тарапынан шағымдар туындаған жағдайда, әрбір медициналық ұйымда Емделушілерді қолдау қызметі жұмыс істейді. Мәселе туындаса, аталған қызметке тікелей жүгінуге болады. Барлық өтініштер «осында және сол сәтте» қағидаты бойынша қаралып, шешіледі, - деді Бекболат Оразбаев.
Сонымен қатар, брифинг барысында ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ерлан Төлепберген былтыр дәрілік қамтамасыз ету саласында құқық қорғау органдарымен бірлесіп 43 жоспардан тыс тексеріс жұмыстары жүргізілгенін айтты. Тексеріс нәтижесінде құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен алты дәріхана қызметі алты айға дейін тоқтатылған.
-Дәрілік қамтамасыз ету ТМККК және МӘМС аясында жүзеге асырылады және барлық процесс «Аналитикалық платформа» ақпараттық жүйесі арқылы күнделікті бақылауда. Жүйеде 9 миллионнан астам дәрілік зат тіркелген, олардың 60 пайыздан астамы белгіленген тәртіппен айналымнан шығарылған. Цифрлық мониторинг барысында тегін берілетін препараттарды іске асыруда жекелеген сәйкессіздіктер анықталып, әрбір факті бойынша шаралар қабылданды. Дәрілерді науқастарға уақытылы жеткізу медициналық ұйымдармен тығыз өзара іс-қимыл арқылы қамтамасыз етілуде, - деді Ерлан Төлепберген.
Сондай-ақ, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхтар Сербаев 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты деңгейде екенін атап өтті.
-Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мониторингі нәтижесінде бақылаудағы 102 жұқпалы аурудың 56 нозологиясы бойынша инфекциялар тіркелмеген. Сонымен қатар 24 нозология және туберкулез бойынша аурушаңдық деңгейінің төмендеуі байқалды. Жалпы аурушаңдық көрсеткіші 4,2 пайызға төмендесе, жасөспірімдер арасындағы көрсеткіш 2,5 есеге азайды. Облыс аумағында аса қауіпті сібір жарасы мен оба инфекциялары тіркелген жоқ. Бруцеллез ауруы да өткен жылмен салыстырғанда азайды. Сонымен қатар, қызылшаға қарсы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында қосымша вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде - деді Мұхтар Сербаев.