Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ілгерілету этикасы – пациент қауіпсіздігінің кепілі

Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ілгерілету этикасы – пациент қауіпсіздігінің кепілі
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ілгерілету этикасының қағидалары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-294/2020 бұйрығымен бекітілген.
 
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ілгерілету этикасы – бұл заң талаптарын сақтау ғана емес, пациенттің денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды кепілі.
 
Медицина және фармацевтика қызметкерлері өз қызметінде адалдық, ашықтық және кәсіби тәуелсіздік қағидаттарын басшылыққа алуы тиіс.
Дәрілік заттарды немесе медициналық бұйымдарды тағайындау кезінде жеке материалдық мүддеге жол берілмейді. Кез келген шешім тек пациенттің денсаулығы мен клиникалық қажеттілігіне негізделуі қажет.
 
Ғылыми-практикалық конференцияларға, семинарларға және кәсіби білімді арттыруға бағытталған іс-шараларға қатысуға болады. Алайда мұндай қолдау белгілі бір дәрілік затты немесе медициналық бұйымды ілгерілету жөніндегі міндеттемелермен байланысты болмауы тиіс.
 
Этика қағидаларын бұзу – қаржылай сыйақы немесе сыйлықтар алу, материалдық пайда үшін белгілі бір дәрілік заттарды ұсыну, жарнамалық сипаттағы рецептуралық бланкілерді пайдалану және заңнамада көзделмеген жағдайларда дәрілік заттардың үлгілерін тарату сияқты әрекеттерді қамтиды.
 
Әрбір медицина және фармацевтика қызметкерінің басты міндеті – пациенттің мүддесін қорғау, кәсіби әдепті сақтау және денсаулық сақтау жүйесіне деген қоғамның сенімін нығайту. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ілгерілету этикасын сақтау – сапалы әрі қауіпсіз медициналық көмектің негізі.