
Қазақстанда дәрілік заттардың бағасының төмендеу үрдісі тұрақты түрде байқалуда. Бұл халық үшін дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін арттыруға және фармацевтикалық нарықтың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік реттеудің жаңартылған тетігінің арқасында мүмкін болды. Бүгінде жүргізіліп жатқан саясаттың нәтижесі тұрғындар үшін айқын сезілуде — бірқатар сұранысқа ие препараттардың бағасы ондаған пайызға төмендеді.
Баға қалыптастыру жүйесін жетілдіру аясында 2025 жылы дәрілік заттардың 4994 сауда атауына шекті бағалар бекітілді. Сонымен қатар, 1707 рецептсіз сатылатын препарат мемлекеттік реттеуден шығарылып, уәкілетті органдардың тұрақты бақылауын сақтай отырып, нарықтық тетіктерге ауыстырылды.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мониторинг деректеріне сәйкес, ел өңірлерінде бағаның төмендеуінің оң динамикасы байқалады. Әсіресе бірқатар кеңінен қолданылатын препараттар бойынша айтарлықтай арзандау тіркелді. Атап айтқанда, кейбір дәрілердің бағасы төмендеді: «Гепар комп. Хеель» — 41,2%-ға, «Ревмоксикам®️» — 32,5%-ға, «Цефяпс» — 31,6%-ға, «ВАЛМАК-Н» — 24,7%-ға, «Зитмак®️» — 20,0%-ға.
Айтарлықтай нәтижелер Қызылорда облысында да байқалады. 2026 жылғы наурыз айының жағдайы бойынша бірқатар сұранысқа ие препараттардың бағасы төмендеген: «Антарис®️» — 63,90%-ға, «Аугментин®️» — 36,27%-ға, «Бисопролол-Тева» — 53,58%-ға, «ЗИТМАК®️» — 57,71%-ға, «Сумамокс» — 56,35%-ға, «Конкор®️» — 47,69%-ға.
Аталған препараттар қабыну, инфекциялық және жүрек-қантамыр ауруларын емдеуде кеңінен қолданылады, сондықтан олардың арзандауы халық үшін аса маңызды.
Қосымша ретінде, 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша 631 дәрілік зат атауы бойынша бағаның орта есеппен 24,6%-ға төмендегені тіркелді (2025 жылмен салыстырғанда). Атап айтқанда, «Периндоприл-Тева» және «Энтекавир Вива Фарм» препараттары бойынша да баға төмендеген.
Сонымен қатар, 2025 жыл және 2026 жылдың бірінші тоқсаны аралығында Қызылорда облысында дәрілік заттарды белгіленген шекті бағадан жоғары сатуға қатысты деректер тіркелмеген. Өңірдегі фармацевтикалық нарықтағы жағдай тұрақты және уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті аймақтың дәріхана ұйымдарына тұрақты мониторинг жүргізуде. Ерекше назар белгіленген шекті бағалардың сақталуына және халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету қолжетімділігіне аударылады.
Бағаны негізсіз көтеру фактілері анықталған жағдайда азаматтар Қызылорда қаласы, Абай даңғылы, 27 мекенжайы бойынша немесе 23-40-35 телефоны арқылы Департаментке жүгіне алады. Сонымен қатар, бағаны бақылау үшін DariKZ және Naqty Ónim мобильді қосымшалары қолжетімді.
Халықты қолжетімді, қауіпсіз және сапалы дәрілік заттармен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жалғаса береді. Бағаны мемлекеттік реттеу өз тиімділігін көрсетуде, ал дәрі-дәрмектердің арзандауы азаматтар үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудағы маңызды қадам болып табылады.