«МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМДАРҒА ЖҮРГІЗІЛГЕН ТЕКСЕРУЛЕР БОЙЫНША АНЫҚТАЛҒАН БҰЗУШЫЛЫҚТАРҒА ТАЛДАУ» ТАҚЫРЫБЫНДА ЖИНАЛЫС ӨТКІЗІЛДІ

«МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМДАРҒА ЖҮРГІЗІЛГЕН ТЕКСЕРУЛЕР БОЙЫНША АНЫҚТАЛҒАН БҰЗУШЫЛЫҚТАРҒА ТАЛДАУ» ТАҚЫРЫБЫНДА ЖИНАЛЫС ӨТКІЗІЛДІ

2025 жылдың 28 қарашасында Қызылорда облысының медициналық ұйымдарының қатысуымен «Медициналық ұйымдарға жүргізілген тексерулер бойынша анықталған бұзушылықтарға талдау» тақырыбындағы жиналыс өткізілді.

Жиын барысында Департамент басшысы Л.Қ. Айтымбетова медициналық ұйымдарда тексеру кезінде жиі орын алатын бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы іс-шаралар туралы баяндады.

Медициналық ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында жиі кездесетін бірқатар бұзушылықтар байқалды. Яғни, Атап айтқанда: дәрілік заттарды таңбалау (маркировка) бойынша уақытылы айналымнан шығару, температуралық ауытқу аймақтарын тестілеуді жүргізу, сондай-ақ сақтау үй-жайларын №ҚР ДСМ-19 бұйрығының талаптарына сәйкес жабдықтау мәселелері жиі анықталатын негізгі бұзушылықтардың қатарында болды. Осы мәселелерді талқылау және алдын алу мақсатында арнайы отырыс ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 16 ақпандағы №ҚР ДСМ-19 бұйрығында белгіленген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және тасымалдау қағидаларының талаптарын сақтау мәселелері, сондай-ақ температуралық ауытқу аймақтарын тестілеу бойынша міндеттемелер талқыланды. Атап айтқанда:

  • Температуралық ауытқу аймақтарын тестілеу және оның нәтижелерін құжаттау қажеттілігі;
  • Сақтау орындарын тиісті бақылау құралдарымен (термометрлер, гигрометрлер және т.б.) қамтамасыз ету және оларды жылдың суық және жылы мезгілдерінде тестілеу нәтижелеріне сәйкес орналастыру қағидалары;
  • Өлшеу құралдарын калибрлеу және тексеру тәртібі, оның ішінде жылына кемінде бір рет салыстырып тексеру қажеттілігі түсіндірілді.

Сондай-ақ дәрілік заттарды сақтау шарттарын бақылауға арналған жабдықты тексеру, калибрлеу және жөндеу — өнім сапасын сақтау әрі ықтимал жағымсыз әсерлердің алдын алу үшін маңызды екендігі ерекше атап өтілді.

Сонымен қоса, медициналық ұйымдарда дәрілік заттарды қабылдау кезінде 2D сканер арқылы таңбаланған өнімді тексеру, оны нақты жұмсалу саны бойынша айналымнан 3 жұмыс күнінен кешіктірмей шығару қажеттілігі түсіндірілді.

№ҚР ДСМ-19 бұйрығының талаптарына сәйкес, сақтау үй-жайлары ауа температурасы мен ылғалдылығын бақылауға арналған тиісті жабдықпен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл жабдықтар температуралық ауытқу аймақтарын тестілеу нәтижелері негізінде қыздырғыш құрылғылардан алыс, үй-жайлардың ішкі қабырғаларына орналастырылуы қажет. Барлық жабдық нұсқаулыққа сәйкес пайдаланылуы тиіс.

Жиын соңында медициналық ұйым өкілдерімен тексерулер барысында анықталатын негізгі бұзушылықтарға талдау жасалып, оларды жою бойынша Департамент тарапынан нақты шаралар ұсынылды.